Қызына ерегесіп, зәулім үйдің шатырынан секірмек болған.
ERNUR.KZ. Ақтауда қызына ерегесіп, зәулім үйдің шатырынан секірмек болған жігітті полицейлер құтқарып қалды, деп жазады Zakon.kz.
Облыстық полиция департаментіндегілердің хабарлауынша, оқыс оқиға 2 шілдеде қаланың 11-ықшамаудандағы 9 қабатты тұрғын үйдің шатырында орын ала жаздаған. Оларға жігіттің қызы хабар берген. Полиция оқиға орнына жеткенде зәулім үйдің шатырына шығып алған жігітті көреді.
"Полиция қызметкерлері өз өмірін қатерге тігіп, ер адамды құлап бара жатқан жерінен ұстап қалды. Ол масаң күйде болған", - дейді Маңғыстау облыстық полиция департаментіндегілер.
Белгілі болғандай, жас жігіт қызымен ұрысып қалғандықтан осындай әрекетке барған.
Ер адамға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 440-бабы 1-тармағына (Алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу) сәйкес хаттама толтырылды.