Ақтауда мас күйде болған жасөспірім 58 жастағы әйелді үш рет қаққан

0
678

Жәбірленушінің қызы жасөспірім бұл қылығы үшін әкімшілік жазамен құтылмау керек деп есептейді.


Ақтауда мас күйде болған жасөспірім 58 жастағы әйелді үш рет қаққан

ERNUR.KZ. Ақтау қаласында мас күйде болған 15 жастағы жасөспірім астындағы көлігімен 58 жастағы әйелді үш рет қаққан. Осыдан 2 ай бұрын болған оқиға жайлы жәбірленушінің қызы Майина Агаларова айтып берді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Оқиға 9 шағынаудандағы №18 үйдің ауласында болған. Түнгі сағат бірлер шамасында 15 жастағы жасөспірім өзіне ескерту жасағаны үшін Volkswagen Jetta көлігімен 58 жастағы әйелді үш рет қаққан.

Жәбірленген әйелдің қызының айтуынша, оның анасы үшінші рет қаққанда көлік астында қалған. Салдарынан 5 қабырғасы сынып, өкпесі зақымданған.

«Басында «жүргізуші» қашып кетті, сосын оны тәртіп сақшылары ұстап алды. Анасы баласы үшін кешірім сұрағанда, жасөспірімнен алкогольдің иісі шығып тұрды. Анам аулада басқа да машиналар болғандықтан, оған көлік жүргізуіне қатысты ескерту жасаған. Ескертуге ашуланған жасөспірім анамды бірнеше рет қағып, ол көліктің астында қалған. Көмекке жақын маңдағы бір жігіт келген. Ол жасөспірімді көліктен шығарып, көлік астында қалғана анамды алып шыққан. Мен бұл жағдайға не айтарымды білмеймін. Бұл жасөспірімнің қылығы полиция айтқандай әкімшілік жазамен шектелмеу керек», - дейді Майина Агаларова.

Полиция өкілдері жәбірленушілерге көлік иесіне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқаны туралы хабарлаған.

«Кәмелетке толмаған балаға көлік басқартқаны үшін авто иесіне қатысты қылмыстық іс қозғалған. Бірақ, менің білуімше, ол адам қаққан жасөспірімнің әкесі емес, жәй ғана анасымен бірге тұратын ер адам. Мені және отбасымды істің дәл былай қаралуы қанағаттандырмайды. Жасөспірімге көлік кілтін берген адам жазалансын, адам қаққан да заң алдында тиісті жазасын алуы керек. Анасы оқиға орнына келген кезде ұлының небәрі 15 жаста екенін айтып, оған еш қауіп төнбейтінін айтты. Оның кәмелет жасқа толуына әлі үш жыл бар, осы уақыт аралығында тағы қанша адамды мүгедек етпек?», - деп шағымданды Майина Агаларова.