Ақтауда тыр жалаңаш жүретін кейуана көршілерін мезі еткен

0
315


Ақтауда тыр жалаңаш жүретін кейуана көршілерін мезі еткен

Ақтау қаласының 3 ықшам ауданындағы №155 үйдің тұрғындары тыр жалаңаш жүретін кейуананың үстінен тағы да шағымданды. Алайда үш жыл бойы осындай күйге душар болған егде жастағы әйелге қатысты құзырлы органдар ешқандай шара қабылдамапты, деп жазады zakon.kz.

Әйелдің өзімен болған сөз, сондай-ақ мемлекеттік органдарға жолданған шағымдар ешқандай нәтиже бермеген.

Жергілікті басылымның хабарлауынша, егде әйел үш жыл бойы жалаңаш жүреді және өзгелердің ескертулерін елемейді.

"Бұрын дұп-дұрыс әйел болған, соңғы үш жылда осылай болып қалды. Біресе үстін, біресе төменгі жағын жалаңаштап алады. Оның үстіне нәжісі үстіне жағылған күйде жүреді. Айнала сасып, шыбын-шіркей толады. Пәтері де шашылып жатады. Бізді қойшы, балаларға обал, олар күн сайын психологиялық соққы алып жатыр", — деп аталған үй тұрғыны Арсен Мелкумянның сөзін Lada.kz келтіреді.

Оның айтуынша, егде жастағы әйел үйінде жалғыз тұрады.

"Бірде оның қызы бар деп естідім. Бірақ біз оны ешқашан көрген емеспіз. Бұрын оған әлеуметтік қызметкерлер келетін, бірақ ол ешкімді үйіне кіргізбейді", — деп атап өтті ол.

Ақтау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі әйелдің психикалық жағдайы туралы мәліметтер нақтыланатынын хабарлады.

"Бүгін біз аталған азаматтың тұрғылықты жеріне барамыз, содан кейін қосымша ақпарат береміз", — деді ведомстводан.

Ақтау қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы шағымда көрсетілген мәселелерді қарастыру өз ведомствосының құзыретіне жатпайтынын мәлімдеді.