21 қазанда 7 адам, оның ішінде 2 бала уланған.
ERNUR.KZ. Маңғыстау облысы Денсаулық сақтау басқармасы өкілі Ақтауда қандала улағаннан кейін зардап шеккендердің жағдайы туралы айтты, деп жазады tengrinews.kz.
Басқарма басшысының орынбасары Бибізада Дүйсенбаеваның айтуынша, 21 қазанда 7 адам, оның ішінде 2 бала уланған. 3 ересек Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасына және 2 бала балалар ауруханасына жатқызылды. Зардап шеккендердің бірінің жағдайы қанағаттанарлық болғандықтан, бірінші күні үйіне жіберілген.
"Ауруханаға түскен кезде 2 ересек науқастың жағдайы орташа болды. Тағы бір зардап шеккен ер адамның жағдайын тұрақтандыру үшін жансақтау бөліміне жатқызылды. Кеше толық тексерістен өтіп, жағдайы тұрақтағанына байланысты бөлімшеге ауыстырылды. Жағдайы қанағаттанарлық болғандықтан, науқастың өтініші бойынша бүгін ол үйіне жіберілді. Бірінші күні бір жәбірленуші бірден үйіне жіберілді, оның жағдайы да қанағаттанарлық болды. Кейінірек балаларының жағдайына қатты алаңдаған зардап шеккен әйел де үйіне жіберілді. Барлығы амбулаториялық бақылауда болады", - деді Бибізада Дүйсенбаева.
Зардап шеккен балалардың да жағдайы айтылды.
"2 бала облыстық балалар ауруханасына жатқызылды. 2015 жылы туған қыздың жағдайы орташа ауыр болды, бірінші күні тексерілді, қазір дәрігерлердің бақылауында. 2017 жылы туған бала толық тексеріліп, жағдайын тұрақтандыру үшін жансақтауға жатқызылды. Кеше баланың жағдайы орташа ауырлықтан өзгермеді. Бүгін таңертең баланың жағдайы жақсарды, қазір өзі тамақтана алады. Бүгін жағдайы қалыпқа келді. Сондықтан жансақтаудан жалпы бөлімшеге ауыстырылды", - деді Бибізада Дүйсенбаева.
Еске салайық, қайғылы оқиға қаланың №7 шағынауданында болған. Пәтерлердің бірінің иесі қандаладан құтылу үшін пәтерін улаған. Бірақ ол мамандандырылған қызметке жүгінбеген, салдарынан 2 бала қайтыс болды.