Ақтауда ұстазы мен шәкірті "Антивирус терминал" құрылғысын жасап шығарды

0
473

Бетперде алу мүмкіндігі де қарастырылған терминалда "Ashyk" қосымшасы орнатылған.


Ақтауда ұстазы мен шәкірті

ERNUR.KZ. Ақтауда орта мектеп мұғалімі мен оқушысы бірлесіп "Антивирус терминал" құрылғысын ойлап тапты, деп жазады exk.kz.

Қаладағы Ф.Оңғарсынова атындағы №29 орта мектептің еңбек пәні және робототехника үйірмесінің мұғалімі Марат Атаназаров оқушысы Жасұлан Шаңытбайды баулып, осындай техника жасап шығарды.

Қазір ұстаз бен шәкірт ойлап шығарған жаңа құрылғы мектептің кіре берісіне орнатылып, сынақтан өткізіліп жатыр. Бұл антивирус терминалы ең алдымен адамның дене қызуын тексеріп, қолды автоматты түрде ультрадыбыстық құрылғы арқылы залалсыздандырады. Бетперде алу мүмкіндігі де қарастырылған терминалда "Ashyk" қосымшасы орнатылған.

"Бүгінде коронавирус пандемиясынан құтылудың жолы үнемі бетперде тағып, қолымызды антисептикпен тазартып, адамдармен қарым-қатынасты азайту деп дәрігерлер ескертіп жатыр. Осындай терминал барлық білім ошақтары мен балабақшаларда, қоғамдық орындарында тұрса, індеттен тезірек арылуға аз да болса септігін тигізеді деп сенемін", — дейді ұстаз Марат Атаназаров.

Бұл терминал қолданысқа енгізілсе, адам көп жүретін орындарға қоюға болады. Ұстаз бен шәкірт жасаған технология толығымен автоматтандырылған.

Айта кететін бір жайт, өнертапқыштар таяуда "Дарын" ғылыми жобалар байқауының облыстық кезеңінде топ жарып, республикалық сынға жолдама алды.