Бала жағалаудан біршама алысқа кетіп үлгерген.
Осы көріністі Ақтау тұрғыны камераға түсірген. Оның айтуынша, кішкентай балақайды жағалауды патрульдеп жүрген полицейлер тауып алған.
«Бұл жағажайда карантин кезінде шомылуға тыйым салынған. Бірақ кішкентай бала шомылу үшін теңізге қарай бара жатты. Полиция қызметкерлері бүлдіршінді байқап қалып, оны судан шығарды. Жанында ата-анасы жоқ. Ата-аналар, балаларыңызға абай болыңыздар» дейді оқиғаны түсіріп алған ақтаулық әйел.
Облыстық полиция департаментінің мәліметіншее, бұл жағдай бүгін болған. Бөбектің жасы небары үште. Жағалаудағы үйлердің бірінде тұрады.
«Енді ғана теңізге түсіп, шомыла бастаған балақайды біздің полицейлер дер кезінде байқап қалды. Бір полицей бүлдіршінді алып шығу үшін теңізге түсуге мәжбүр болды, өйткені бала жағалаудан біршама алысқа кетіп үлгерген еді. Оны судан алып шыққан кезде әпкесі келді. Ол жарты сағаттан бері баланы таппай, шарқ ұрып іздеп жүрген екен. Бала тәтесіне тапсырылды» деп түсіндірді облыстық полиция департаментінен.