Күдіктілер баладан үйінен тағы бір жігітті алдап шығаруын талап еткен.
Фото: Видеодан скрин
ERNUR.KZ. Ақтауда жасөспірімдер мектеп оқушысын соққыға жығып, болған оқиғаны видеоға түсіріп, сол арқылы қорқытпақ болған. Бұл туралы зардап шеккен баланың отбасы мәлімдеді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Желідегі мәліметке сүйенсек, туыстарының айтуынша, оқиға таңертең болған. Мектеп оқушысы дүкенге шыққан кезде оны 16-17 жастағы екі жасөспірім тоқтатып алған.
Олардың сөзінше, күдіктілер баладан үйінен басқа бір жігітті алдап шығаруын талап еткен. Ол бас тартқаннан кейін жасөспірімдер оны соққыға жығып, болған оқиғаны жәбірленушінің телефонына түсірген. Кейін бұл видеоны әлгі жігітке жіберіп, «Егер шықпасаң, досыңды осылай ұрамыз» деп қорқытқан.
Оқиғадан кейін жасөспірімдер ата-аналарымен бірге учаскелік полиция қызметкеріне жеткізілген. Жәбірленуші тараптың айтуынша, олар өз әрекеттерін жоққа шығармаған және тіпті полиция қызметкерлерінің көзінше де өзін өрескел ұстаған.
Зардап шеккен оқушы ауруханаға жатқызылды. Оның туыстары құқық қорғау органдарынан оқиғаны жан-жақты әрі объективті тергеп, шабуыл жасағандардың әрекетіне құқықтық баға беруді сұрады.
Агенттік тілшісі оқиға бойынша Маңғыстау облысының Полиция департаментіне сауал жолдады:
«Бұзақылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Мұндай әрекеттер заңнамаға сәйкес қылмыстық жауапкершілік көзделген ауыр қылмыс санатына жатады. Оқиғаға қатысқан барлық тұлғаның жеке басы анықталып, заңды өкілдерімен бірге полиция бөліміне жеткізілді. Қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу әрекеті жүргізіліп жатыр. Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін олардың заңды өкілдері қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ материалдар қарау және өз құзыреті шегінде тиісті шаралар қабылдау үшін кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға жолданды», – делінген ПД мәліметінде.


