Құстың бұл түрі жер шарының оңтүстік бөлігінде қыстап, жазға таман ұялайтын аумаққа ұшып келеді.
ERNUR.KZ. Ақпан айының алғашқы онкүндігінде Каспий теңізінің жағалауына қоқиқаздар ұшып келеді. Биыл да мыңдаған қоқиқаз жылы аймақтардан Каспийге оралды, деп жазады ҚазАқпарат.
ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахметтің хабарлауынша, құстың бұл түрі мыңдаған шақырымдардағы алыс аймақтарда қыстайды. Қоқиқаз Қазақстанның бірнеше өңірінде ғана, атап айтқанда Каспий теңізінің солтүстік-шығысында, Шалқартеңіз көлінің маңында, Теңіз көлінде ұялайтын көрінеді.
«Біздің елдің аумағында шамамен 50-100 мыңға тарта қоқиқаз жазды өткізеді. Көбінесе Теңіз көлінің маңында шоғырланған. Ал қалған бөлігі Каспий теңізі мен Шалқартеңізді мекендейді. Каспий теңізіне жүргізілген талдау жұмыстары Ленкоран жағалауында - 10 мың, Түрікмен жағалауында - тағы 10 мың қоқиқаздың қыстайтынын көрсеткен», - деп жазады комитет өкілі Facebook парақшасында.
Құстың бұл түрі жер шарының оңтүстік бөлігінде қыстап, жазға таман ұялайтын аумаққа ұшып келеді. Қоқиқазды Қазақстанның бүкіл аймақтарынан кездестіруге болады.