Ақтаулық сүңгуірлер теңізге батып кеткен үш жігіттің де денесін тапты

0
486

Марқұмдардың бірі бір күн бұрын, 15 мамырда үйленген екен.


Ақтаулық сүңгуірлер теңізге батып кеткен үш жігіттің де денесін тапты

ERNUR.KZ. 16 мамырда Ақтауда Каспий теңізінде суға батып кеткен үш жігіттің мәйіті табылды. Марқұмдардың бірі бір күн бұрын, 15 мамырда үйленген екен. Бұл туралы Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Бекболат Әбдіқадыров айтты, деп жазады tengrinews.kz.

Бекболат Әбдіқадыровтың айтуынша, қайтыс болған екі қарағандылық Ақтауға досының тойына келген. 16 мамырда достар теңізге шомылуға шешім қабылдаған. Осылай үшеуі де суға батып кеткен.

"Суға түсуге шешім қабылдаған екі жігіт суға бата бастаған, ал екеуі оларды құтқаруға ұмтылған. Достарын құтқару үшін секіріп кеткендердің бірін оқиға куәгерлері алып шықты. Ол 26 жастағы Бейнеу қаласының тұрғыны. Қазір жағдайы қанағаттанарлық, дәрігерлердің қарауынан кейін үйіне шығарылды", - деді Бекболат Әбдіқадыров.

Оқиға орнында іздестіру жұмыстарын жүргізу барысында ТЖД күштері жағалаудан 1,5-2 метр қашықтықта Каспий теңізінің түбіне үш метр тереңдікке сүңгу жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, оқиға орнында Төтенше жағдайлар департаментінің психологиялық қызметінің тобы жұмыс істеп, суға батқан жастардың жақындарына көмек көрсетті.

"Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, құтқарушылар кәсіби және тиімді жұмыс істеді, аз уақыт ішінде суға батқан үш адамның да денесі табылып, судан шығарылды", - деді Бекболат Әбдіқадыров.

Оқиға орнынан алкогольдік сусындар табылған.

Еске салайық, Каспий теңізінде шомылу кезінде төрт жігіт суға батып кеткен. Олардың бірін оқиға куәгері аман алып қалды, қалған үшеуі құтқарушылар келгенше суға батып кетті.