Ақтөбе тұрғындары Қазақстанның бас санитар дәрігерін сотқа берді

0
560

Қаланың үш тұрғыны бас санитардың коронавирусқа қарсы вакцина алмаған қызметкерлерді жұмысқа жібермеу туралы қаулысының күшін жоюды талап етті.


Ақтөбе тұрғындары Қазақстанның бас санитар дәрігерін сотқа берді

Ақтөбе қаласының әкімшілік сотына бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясовтың үстінен арыз түсті, деп жазады sputnik.kz. "Диапазон" сайтына сілтеме жасап.

Қаланың үш тұрғыны бас санитардың коронавирусқа қарсы вакцина алмаған қызметкерлерді жұмысқа жібермеу туралы қаулысының күшін жоюды талап етті. Олардың ойынша, ондай талаптар заңға қайшы.

"Ақтөбе соты Ерлан Қиясовтың Нұр-Сұлтанда жұмыс істейтінін анықтады. Тұрғындар қарсылық білдірген қаулы да сол қалада шығарылған болатын. Демек, іс ол жерде қаралуы қажет. Осыған байланысты арыз-шағымды Нұр-Сұлтан қаласының мамандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жіберуге шешім қабылдады", - делінген ресми хабарламада.

Айта кетері, бұған дейін денсаулық сақтау вице-министрі – бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов коронавирусқа қарсы вакцина алмаған қызметкерлердің жұмысқа келуіне шектеу енгізу туралы қаулыны шығарған болатын. Осылайша, 6 қыркүйектен бастап екпе салдырмаған қызметкерлерге жұмысқа шығуға тыйым салынды.

Бұл талап тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар, соңғы үш айда коронавируспен ауырған жұмысшыларға қатысты емес. Қаулыда ұйымдардың нақты тізімі де көрсетілген. Олардың ішінде банктер, сұлулық салондары, шаштараздар, химиялық тазалау орындары, фитнес, спорт кешендері, типографиялық қызметтер, тігін ательесі, фотосалондар және тағы басқа халыққа қызмет көрсету нысандары бар.