Ақтөбеде ең көп суицид жасайтын үйдің балконы тормен жабылды

0
1 939

​"Ақтөбе ажары" кешенін ел арасында "Ақтөбе ажалы" деп атап кеткен.


Ақтөбеде ең көп суицид жасайтын үйдің балконы тормен жабылды

ERNUR.KZ. Суицид жасайтындардың көбісі осы 25 қабатты үйді жағалайды. Балконына шығып, секіріп өлгендердің көптігінен халық "Ақтөбе ажалы" деп кеткен, деп жазады Inbusiness.kz.

Қаншама адам осы жерде ажал құшты. Өмірден баз кешіп, өз-өзіне қол салғандардың арасында жас та, кәрі де бар. Сәуір айында екі бірдей әйел осы тұрғын үй кешенінің 18-ші қабатынан құлап, мерт болған еді. 31 мен 56 жастағы әйелдер құлаған сәтте кіреберіс алдында тұрған "Лексус" автокөлігінің үстіне түскен. Кейін полицейлер "Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" бабы бойынша іс қозғады.

Өмірін қиғандардың арасында тағдыр тауқыметінен шаршаған ересектерден басқа, ғаламтордағы түрлі ойынның жетегінде кеткен өрімдей оқушылар да бар. Бірер жыл бұрын 13 жастағы қыздың мүрдесі де осы тұрғын үй кешенінің ауласынан табылды. Оқушы құрбысымен киноға кетіп, үйіне оралмаған. Полицейлер жасөспірімнің 20-шы қабаттан секіріп кеткенін айтты.

Соңғы оқыс жағдай биыл 3-ші қарашада орын алған. Абырой болғанда, 25-ші қабаттан секірмек болған келіншекті полицейлер райынан қайтарыпты. Қатты күйзелісте болған 32 жастағы келіншек жоғары қабатқа шығып алып, жанына ешкімді жуытпай қояды. Учаскелік инспекторлар онымен бір жарым сағат бойы әңгіме-дүкен құрып, бұл қадамының қате екенін түсіндірген соң ғана, төменге бірге түседі. Артынан мұндай қадамға ең жақын адамын жоғалтып, ағайындарымен тіл табыса алмағандықтан барғанын айтыпты.

Осындай оқиғалардан кейін тұрғындар балкондарды қоршап, тор қою туралы талай сұраған еді. Алайда, арнайы қызметтер өрт бола қалса биіктен адамдарды сыртқа шығару қиындығын айтты. Кейін тек 15 пен 25 қабат аралығындағы балкондарды торлауға келісім берген. Полицейлердің дерегінше, жыл басынан бері 400 суицид дерегі тіркелген.