Ақтөбеде құтырған түлкі ауыл тұрғынын талап тастады

0
487

Елді мекенге карантин енгізілді.


Ақтөбеде құтырған түлкі ауыл тұрғынын талап тастады

ERNUR.KZ. Ақтөбе облысының Қобда ауданына қарасты Жаманкөл ауылының тұрғынын құтырған түлкі талады, деп жазады ҚазАқпарат.

«Вирусологиялық құтыруға тапсырылған ми сынамасының ИФА, ДПР, биосынаманың бактериологиялық зерттеулер қорытындысы бойынша оң нәтиже көрсетуіне байланысты Қобда ауданы Жарық ауылдық округі Жаманкөл ауылының «Ер-Темір» шаруа қожалығының аумағында шектеу іс-шаралары белгіленсін», - делінген Ашық НҚА порталында жарияланған Жарық ауылдық округінің әкімі Е.Имангазиннің шешімінде.

Құжатта көрсетілгендей, аталған ауыл тұрғынын су жағасында жүрген кезде құтырған түлкі қауып алған.

«Жаманкөл ауылының тұрғыны Марат Ер-Темір Кенжешұлын су жағасында жүрген уақытта түлкі тістеп алған. Азаматқа «Маңдай-мұрын аймағының түлкі тістеген жарақаты, балтыр және санның жырылған жарақаттары» диагнозы қойылды. Кейін түлкіні зардап шеккен тұрғынның әкесі өлтіріп, мал дәрігерлеріне хабар берген. Оның өлексесі мал қорымына апарып көмілді (залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді) және жануардан ми сынамасы алынды. Ол құтырмаға оң нәтиже көрсетті. Қазір «Ер-Темір» шаруа қожалығының басшысы К.М.Байжұмановтың иелігінде 130 бас ірі қара, 742 бас ұсақ мал, 144 бас жылқы және 3 ит бар», - деп жазылған шешімге қосымша берілген түсіндірмеде.

Профилактикалық мақсатта аталған елді мекендегі 1 948 бас малға құтырмаға қарсы вакцина жасалған.