Алдағы жылу беру маусымына дайындық бойынша жөндеу жұмыстары жазғы кезеңде аяқталуы керек — Олжас Бектенов

0
84

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жылыту маусымының қорытындысы және алдағы жылу беру маусымына дайындық барысы қаралды.


Алдағы жылу беру маусымына дайындық бойынша жөндеу жұмыстары жазғы кезеңде аяқталуы керек — Олжас Бектенов
ERNUR.KZ. Онда энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов, отын жеткізу және инженерлік инфрақұрылымның жай-күйі туралы өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Нәби Айтжанов ұлттық энергетикалық жүйенің жұмысы туралы, «Самұрық-Энерго» компаниясының басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов энергия көздеріндегі жөндеу жұмыстарының барысы туралы баяндама жасады, деп хабарлайды Primeminister.kz.

Өткен жылыту маусымында халық пен коммуналдық-тұрмыстық сектор толығымен көмірмен қамтамасыз етілді – 7,9 млн тонна, оның ішінде халыққа 5,7 млн тонна көмір жеткізілді, деп хабарлады Ерсайын Нағаспаев. Өңірлердегі қатты отын қоры шамамен 350 мың тоннаны құрайды. Алдағы күзгі-қысқы маусымға дайындық аясында еліміздегі электр стансаларында 10 энергоблок, 63 қазандық және 39 турбинаға жөндеу жұмыстары жоспарланған. Энергетика министрлігінің мәліметінше, бүгінде 4 энергоблок, 19 қазандық пен 10 турбинада түрлі кезеңдердегі жұмыстар жүргізіліп, 1 энергоблок, 2 қазандық пен 1 турбинада жұмыс аяқталды. Орталықтандырылған жылумен қамту аймағында 66 қазандыққа арналған 44 қазандықты реконструкциялау жоспарланып отыр.

Премьер-министр Өткен жылыту маусымы қалыпты деңгейде өткенін, ал қыста технологиялық бұзушылықтар саны 10%-ға төмендегенін атап өтті. Қабылданған шаралар жылу стансаларын жаңғырту жұмыстарын қаржыландыруды 44%-ға, жылу желілеріне шамамен 30%-ға ұлғайтуға мүмкіндік берді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ең алдымен 19 жылу орталығын жаңғырту жұмыстары аяқталды. Тозығы жеткен қалған барлық жылу станциялары мен желілерін жөндеуді жалғастыру қажет. Біздің міндетіміз – халықты жылумен және электр энергиясымен сапалы қамтамасыз етіп, қолданыстағы жабдықтардың пайдалану мерзімін қауіпті деңгейге жеткізбеу. Ал, ол үшін энергия көздері мен желілердің негізгі жабдықтарын жөндеу және ауыстыру жұмыстарын тұрақты әрі жоспарлы түрде жүргізу қажет. Жөндеу науқанының белсенді кезеңі енді басталып жатыр, сондықтан алдағы жаз айларында күшейтілген режимде жұмыс істеу қажет. Арқаны кеңге салатын уақыт жоқ. Барлық жұмыс белгіленген мерзімде және толық көлемде орындалуға тиіс. Талап қатаң болады», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Үкімет тарапынан қажетті қолдау көрсетіліп жатқаны баса айтылды. Премьер-министр осы айда Астана, Көкшетау, Риддер және Қызылорда қалаларындағы жылу көздерін жаңғырту үшін резервтен 25 млрд теңге бөлу туралы қаулыға қол қойды. Олжас Бектенов Үкімет бұл қаражаттың тиімді жұмсалуын және одан алынған нәтижені бақылайтынын атап өтті.

Премьер-министр бірқатар өңірдегі энергия көздерін жөндеу жұмыстарының кешеуілдеу қаупіне назар аударды. Мәселен, Семей қаласында қазандықтарды жөндеу жұмыстары әлі басталған жоқ. Ал, Маңғыстау облысында «МАЭК-тің» 2-ші Жылу орталығындағы турбинаны жөндеу тиісті жұмыс тәжірибесі жоқ құрылыс компаниясына берілген. Қостанай облысында Рудный жылу электр орталығындағы турбинаны жөндеу 10 сәуірден бері басталған жоқ. Арқалық жылу станциясындағы қазандық бойынша да осындай жағдай қалыптасып отыр. Ұлытау облысы Сәтбаев қаласындағы қазандықтарды жөндеу жұмыстарының қарқыны да тым баяу.

«Мұндай кемшіліктер өңірлердің бәрінде дерлік кездеседі және ол тиісті бақылаудың жоқтығын білдіреді. Әкімдіктер министрліктерге сілтеп немесе қаражаттың жоқтығын, конкурстарды сылтауратып, бұл жұмысты назардан тыс қалдыруға болмайды. Жылыту маусымына дайындық – әкімдіктердің алдағы үш ай ішіндегі негізгі міндеті», — деп атап өткен Премьер-министр бірқатар тапсырма берді.

Өңір әкімдіктеріне барлық конкурстық рәсімдерді екі апта мерзімде аяқтап, жөндеу жұмыстарына нақты кірісу қажеттігі жүктелді. Биыл іске қосу жоспарланып отырған жаңа жылу нысандары бойынша барлық жұмысты тамыз айынан кешіктірмей аяқтау қажет.

Әкімдерге жылу нысандарына апта сайын барып, жағдайды жеке бақылауға алуды және барлық туындаған тәуекелдер бойынша шұғыл әрекет етуді тапсырылды.

Энергетика және Өнеркәсіп министрліктері, өңір әкімдіктері 10 маусымға дейін жылыту маусымына дайындық жоспарларын нақтыласын. Солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде барлық инженерлік инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандары 15 қыркүйекке дейін, ал қалған өңірлерде – 15 қазанға дейін толықтай әзір болуға тиіс.

«KEGOC» компаниясына Энергетика министрлігімен бірлесіп, 15 маусымға дейін алдағы жылыту маусымында ұлттық маңызы бар стансаларға арналған жабдықтардың жұмыс режимдерін бекіту тапсырылды. Жөндеу мерзімдерін ауыстыруға немесе жұмыс көлемін азайтуға жол берілмейді. Премьер-министр әрбір факт бойынша меншік иелеріне, сол сияқты басқарушы компанияларға қатысты шаралар қабылданатынына назар аударды.

Энергетика министрлігі Көлік министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, 1 қыркүйекке дейін жылу көздері мен тұйықтарда отын қорын алдын ала жинақтауды қамтамасыз етуі қажет.

Үкімет Аппаратына өңірлердің жылу беру маусымына әзірлік барысына тұрақты негізде бақылау жасау міндеті жүктелді.