Әлдекім Сәкен Майғазиевтің әйеліне телефон шалып, күйеуі Мадина Сәдуақасовамен жүретінін айтқан (ВИДЕО)

0
66

​Жуырда Сәкен Майғазиев пен Мадина Сәдуақасова су жаңа әнін таныстырмақ.


Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

ERNUR.KZ. Эстрада жұлдызы, «МузАрт» тобының әншісі Сәкен Майғазиев алда келе жатқан халықаралық әйелдер күні мен өзінің 50 жас мерейтойына орай Қазақстан бойынша үлкен тур жасамақ, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Ол Қазақстан ұлттық телеарнасындағы «1001» бағдарламасына қонаққа келіп, осы гастрольдік сапардағы жоспарлары туралы толық айтып берген. Ол өз тыңдарманы үшін дайындаған бірнеше тосынсыйы әрі көрермендері сүйіп тыңдайтын әншілермен дуэт ұсынатынын хабарлады. Дәлірек айтсақ, Сәкен Майғазиевтің Ақтау, Ақтөбе қалаларындағы турларына әнші, әріптесі Мадина Сәдуақасова да барып ән шырқайды. Осы ретте бағдарлама жүргізушісі Сәкен Майғазиевтен Мадина Сәдуақасова екеуі туралы әлеуметтік желіде толассыз жазылып жатқан қаңқу әңгіменің нүктесін қойып беруді сұраған.

Майғазиевтің айтуынша, Мадина Сәдуақасова екеуі бұндай әңгімелерге әбден үйреніп алған көрінеді. Дегенмен, бұл әншілердің жеке өмірі кейбір адамдарға қызық болғаны соншалық, әлдекім Майғазиевтің әйеліне қоңырау шалып, Мәдина екеуі туралы өсек айтып берген.

«Мадина екеумізде бұндай әңгімелерге иммунитет бар. Дегенмен, орынды сұрақ қойдыңыз. Әрине, «екеуі қырықтың қырқасына шығып, елуді еңсергенде қылық шығарайын деді ме?» деген күмән туындауы мүмкін. Бірақ, Мадина екеуміз ешқашан әдеп бұзып, оғаш қылық көрсетіп, артық дүние жасаған емеспіз. Мен «мырза» ретінде әйел адамды сатыдан түскенде, көліктен шыққанда, болмаса ұшаққа мінерде «сүрініп қалмасын, құлап қалмасын» деп, қолымды беріп жүретін адаммын. Сол сияқты, Мадинамен тойда немесе көліктен түсіп жатқанда, болмаса, ұшаққа мінерде көзге түсіп қалған болуымыз керек. Ең өкініштісі, «бұлар оғаш қылық көрсетпеген» деп айтатындар аз. Керісінше, біреу бірдеме десе, өсек-аянға еретіндер көп. Осы орайда, айта кетейін, менің жұбайыма біреу хабарласып, «Сәкен мен Мадина жүрсе, білдірмей жүрсін де, әйтпесе, бұл не сұмдық» деген ғой. Осылай жаны ашығансып, керісінше отқа май құйғыштар болады. Менің әйелім, «о не дегеніңіз, Мадинаны да, бала-шағасын да жақсы білемін. Сәкеннен қарағанда Мадинамен мен көп сөйлесемін» десе әлгі кісі бой бермей, «ешкімге білдірмей жүрмей ме?» деп қоймаған. Сонда әйелім Динара «жүрсе, білдірмейтін еді» деп әңгіменің нүктесін қойыпты», - дейді Майғазиев.