Әлемге танымал бүркітші Айшолпан Алматыдағы ЖОО-ға оқуға түсті

0
1 096

Нью-Йоркте «Азияның батыр қызы» атағына ие болған Айшолпанға бұдан бұрын әлемнің белді жоғары оқу орындары – Гарвард пен Оксфорд білім алуға ұсыныс білдірген болатын.


Әлемге танымал бүркітші Айшолпан Алматыдағы ЖОО-ға оқуға түсті

ERNUR.KZ. Дүниежүзінде ең жас құсбегі атанған қандасымыз Айшолпан Нұрғайып Алматы қаласындағы Сулейман Демирел университетінің студенті атанды, деп жазады ҚазАқпарат.

Айта кетейік, құсбегілік өнерді әлемнің түкпір-түкпірінде насихаттап, Нью-Йоркте «Азияның батыр қызы» атағына ие болған Айшолпанға бұдан бұрын әлемнің белді жоғары оқу орындары – Гарвард пен Оксфорд білім алуға ұсыныс білдірген болатын. Алайда, атажұртқа оралған қандасымыз биыл Нұр-Сұлтан қаласындағы «Spectrum» халықаралық мектебін тәмамдап, ізінше отандық ЖОО-ға оқуға түсті.

Қазақ халқының құсбегілік өнерін әлемдік аренада кеңінен насихаттап, отандық этномәдениетке елеулі үлес қосқаны үшін Айшолпан Нұрғайыпқа С.Демирел университетінің басшылығы 100 пайыздық білім грантын тағайындаған болатын.

Айшолпан «Екі шет тілі» мамандығын таңдап отыр.

«Оқуға түскен күннен бастап сабағымды жақсы оқып, бірнеше шет тілін меңгерген мықты маман болғым келеді. Тек білім алып қана қоймай, өз-өзімді жан-жақты дамытып, достар тауып, нағыз СДУ студенті атанамын деген үміттемін. Менің өнеріме тәнті болып, Лондондағы Oxford университеті және Америкадағы бірқатар университеттер оқуға шақырған болатын. Алайда, мен өз атамекенім – Қазақстанда қалатын болдым», - деп лебізін білдірді 1-курс студенті атанған Айшолпан Нұрғайып.

Айта кетейік, 2014 жылы ағылшынның «Daily Mail» басылымы құсбегілік өнерін игерген 13 жастағы қазақ қызы туралы мақала жариялап, Айшолпанды бүкіл әлемге танымал еткен болатын. Осыдан кейін режиссер Отто Белл «Бүркітші қыз» (The Eagle Huntres) атты деректі фильм түсірді. Аталған фильм Оскар сыйлығына үміткер үздік 15 фильмнің қатарына енді. Сол кезде фильм авторлары түсірілім жұмыстарын қалай жүргізгендерін айтып берді.

Ал Австралия әншісі Сия Ферлер «Angel by the Wings» атты әніне клип шығарды. Аталған шығарма Моңғолиядағы бүркітші қазақ қызы Айшолпан Нұрғайыпқызы туралы деректі фильмнің ресми саундтрегі болып саналады.

Сондай-ақ, Айшолпанға «Asia Game Changer Awards 2017» сыйлығы берілген болатын.

2018 жылы моңғолиялық қандасымыз Қазақстанға арнайы келіп кеткен еді. Сол тұста өзі түскен «Көшпенділер» деректі фильмінің «Моңғолия қазақтары: Бүркітшілер» бөлімі көрерменге жол тартты.