ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ: Түркістандықтар көмектен кенде емес

0
334

Қазіргі уақытта облыстағы көпбалалы жанұялар саны 185 мыңнан асады.


ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ: Түркістандықтар көмектен кенде емес

«Елу жылда ел жаңа» демекші, бүгінгі Қазақстанда көптеген саланың өркендеп, ауқымы лғайып жатқандығына куә болып келеміз. Сол салалардың бірі – әлеуметтік қолдау көрсету бағыты. Бұл саладағы көптеген реформа ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске асырылып жатқан «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы және тұрғындар үшін жайлы өмір сүру ортасын құру саясатына сай келеді деп айта аламыз. Бұл сөзімізді қуаттауға бір ғана Түркістан облысында атқарылып жатқан жұмыстар жеткілікті болатын секілді.


Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ресми ақпаратына сүйенсек, қазіргі уақытта облыстағы көпбалалы жанұялар саны 185 мыңнан асады. Мамандардың айтуынша бұл көрсеткіш Қазақстандағы көпбалалы отбасылардың әрбір төртіншісі осы өңірде тұратынын білдіреді екен. Сол себепті әлеуметтік жағдайы төмен азаматтардың табысын арттыру арқылы кедейлікті төмендету жұмыстары биыл да тұрақты түрде жалғасып келеді. Осы орайда 2024 жылы облыстағы кедейлік көрсеткішін 5,5 пайызға түсіру көзделген. Ол үшін осы жылы өңірдегі 116 мыңнан аса азаматқа АӘК төлеу үшін ел қазынасынан 9,6 миллиард теңге бағытталыпты. Сондай-ақ, аудан, қалалардың әкімдіктерімен бірлесе атқарылған жұмыстардың арқасында биылғы жылдың жеті айында көмекті қажет ететін адамдар саны шамамен жиырма мыңға азайған.


Бүгінгі таңда Түркістан өңірінде 97 мыңнан аса мүгедектігі бар адам есепте тұр. Осыған орай 2024 жылы аталған санаттағы азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету мақсатында бюджеттер есебінен 13,4 миллиард теңге қарастырылған. Сонымен қатар, «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге» деп аталатын сайлауалды бағдарламасының жиырма алтыншы тармағын орындау мақсатында 154,7 милиллион теңге қаралып, 2023 жылдан бері өңірдегі 607 нысанда бейімдеу іс-шаралары жүзеге асырылған. Бірақ, кейбір аудандарда бұл проблеманы шешу мақсатында жергілікті бюджеттен мүлдем қаржы қаралмаған немесе бөлінген қаражат өте мардымсыз екен. Ал, бұл бейімдеу жұмыстарын сапалы түрде орындауға кері әсерін тигізіп жатқан көрінеді.


Басқарма басшысы Әсия Темірбаеваның сөзіне сүйенсек, қазіргі уақытта облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты әлеуметтік қызметтер көрсететін он екі орталық бар. Оның төртеуі стационарлық, алтауы жартылай стационарлық үлгідегі мекемелер және «Ардагерлер үйі» мен «Арнаулы кәсіптік колледжі». Бұл мекемелерде жұмыс ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен бекітілген «Халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттары» және «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдар қызметінің қағидаларына» сәйкес жүргізіледі. Атап айтқанда, жалғызілікті қарттарға, мүгедектігі бар адамдар мен мүмкіндігі шектеулі балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтердің 8 түрі бойынша кепілдік берілген қызмет көрсетіледі. Осы жылдың 7 айында мыңнан аса азамат сол қызметтердің игілігін көрген.


«2021-2022 жылдары республикалық және облыстық бюджеттерден қаржы қаралып, 2021 жылдың қыркүйек айында Сауран ауданына қарасты Ораңғай ауылында мүгедектігі бар ересек адамдарды оңалтатын 200 орынды орталықтың құрылысы басталған болатын. Тапсырыс беруші – Түркістан облыстық құрылыс басқармасы, мердігер мекеме – «Шымкент Құрылыс» ЖШС. Құрылыстың жалпы құны 2 562,9 млн. теңгені құрайды. Бүгінгі таңда тапсырыс беруші тарапынан нысан қабылданды. Алдағы уақытта нысан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының теңгеріміне өтеді. Осыған орай басқармада нысанды қабылдау комиссиясы құрылды. Комиссия құрамында басқарма өкілдерімен қатар, облыстық мәслихат депутаттары мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері бар. Облыс әкімінің қаулысымен басқармаға қарасты «№6 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» құрылып, ол облыстық әділет департаментіне тіркелді. Орталық жұмысы үшін биыл басқарма тарапынан 391,7 млн. теңге бөлінді. Оның 224 млн. теңгесі жалақыға төленсе, азық-түлік, дәрі-дәрмек және өзге де шығындарға 167,7 млн. теңге жұмсалады. Сонымен бірге, жаңа орталыққа 2 қызметтік көлік алу үшін – 29,4 млн. теңге және құрал-жабдықтар алуға 225,5 млн. теңге бөлінді. Жоспар бойынша жаңа орталық теңгерімге қабылданған соң, биылғы қазан айынан бастап толық іске қосылып, мұқтаж азаматтарға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсете бастайды. Сауран ауданы, Ораңғай ауылындағы тағы бір әлеуметтік нысан – психоневрологиялық ауытқуы бар мүгедек балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін 50 орынды орталық. Нысан құрылысы былтыр шілде айында басталды. Тапсырыс беруші – Түркістан облыстық құрылыс басқармасы, мердігер мекеме – «KAZ Intel Group» ЖШС. Құрылыстың жалпы құны – 3,2 млрд. теңге. Жоспарға сәйкес құрылыс жұмыстары осы жылдың соңына дейін аяқталуы керек. Нысан басқарма теңгеріміне өткен соң мекеме ашылып, қызметін бастайды», - дейді Әсия Құралқызы.


Сондай-ақ, 2024 жылдың сәуір айында «Қамқорлық Қоры» КҚ тарапынан облыс әкімдігіне «Аутизм және басқа да менталды бұзылулары бар балаларға арналған орталықтар құру» жобасын жүзеге асыру бойынша хат келген. Ұсынысқа сәйкес, көлемі 2000 шаршы метрден кем болмайтын ғимарат сұралып, қызметтік хат әзірленіп, облыс әкімімен келісілген. Жобаны іске асыруға Түркістан қаласындағы Б.Саттарханов, 31 мекенжайында орналасқан ғимарат ұсынылыпты. Ғимараттың жөндеу жұмыстарын бекітілген бірыңғай дизайн концепциясына сәйкес жүргізу бойынша басқарма мен ғимарат иесі – «Саб Ко» ЖК арасында меморандум түзілген. Бүгінгі таңда жеке кәсіпкер тарапынан брендбук дизайнына сәйкес жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң ғимарат жалға алынып, жаңа орталық құру бойынша жұмыс жүргізу көзделген. Жоспар бойынша мекеме аутизм және басқа да психикалық ауытқулары бар 125 балаға қызмет көрсетеді. Басқарма басшысы жалпы елімізде азаматтарға әлеуметтік қолдау жұмыстары үздіксіз жүргізіліп қана қоймай, тұрғындардың тұрмысын түзеуге бағытталған көптеген реформа болатынын да мәлім етті. Мұның барлығы қараша халықтың игілігі болмақ.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ