Тәртіп бұзғандар Алматының 37 жастағы тұрғыны мен Түркістан облысының 26 жастағы тұрғыны болып шықты.
Фото: Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі
ERNUR.KZ. Алматы – Астана рейсінде қоғамдық тәртіпті бұзған екі ер адам ұшақтан түсірілді. Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, желілік полиция бөлімінің қызметкерлері әуекомпания өкілдерінің актісі негізінде қоғамдық тәртіпті бұзған екі жолаушыны ұшуға жібермеген, деп жазады Tengri Travel.
Тәртіп бұзғандар Алматының 37 жастағы тұрғыны мен Түркістан облысының 26 жастағы тұрғыны болып шықты. Полиция мәліметінше, рейске тіркелу кезінде екеуі де мас күйде болған, сонымен қатар кішісі балағат сөздер айтқан.
"Құқық бұзушылардың біріне қоғамдық орында алкогольдік масаң күйде болғаны үшін әкімшілік материал толтырылды. Аталған құқық бұзушылықты ол қайталап жасағандықтан, жиналған материалдар шешім қабылдау үшін сотқа жолданды", – деді көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Теміржан Рамазанов.
Екінші жолаушы бірден екі бап бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қоғамдық орында мас күйде жүргені үшін оған 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды (43 250 теңге), ал ұсақ бұзақылық жасағаны үшін сот шешімімен 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды (2026 жылы 86 500 теңге).
Көлік полициясы әуе және теміржол көлігі нысандарында белгіленген тәртіп талаптарын бұзу заңнамаға сәйкес жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертті.
Қоғамдық тәртіпті бұзғандар сапар мүмкіндігінен айырылып қана қоймай, әкімшілік, ал кейбір жағдайларда қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Полиция жолаушылардың қауіпсіздігіне және көлік нысандарының қалыпты жұмысына қауіп төндіретін кез келген әрекеттің жолы дереу кесілетінін атап өтті.


