Жеңіл көлік мотоциклге жол бермеген.
Фото: Видеодан скрин
ERNUR.KZ. Алматы қаласының іргесіндегі ауылда жол-көлік оқиғасынан бір адам көз жұмды, деп жазады Azattyq Rýhy.
Қайғылы оқиға Қарасай ауданына қарасты Абай ауылындағы Рысқұлов пен Әзербаев көшелерінің қиылысында болған. Қиылыста автокөлік пен мопед соқтығысып, салдарынан мопед жүргізушісі қаза тапты.
Алматы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 5 сәуір күні Абай ауылында болған жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалған.
«Алдын ала мәлімет бойынша, BYD маркалы автокөліктің 37 жастағы жүргізушісі қосалқы жолдан шыға отырып, негізгі жолдағы көлікке жол бермей, мопедпен соқтығысқан. Жол апаты салдарынан мотокөлік жүргізген 42 жастағы азамат алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды», – деп хабарлады полиция.
Қазіргі уақытта автокөлік жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, мән-жайы анықталып жатыр.


