Алматы облысының полиция департаменті әлеуметтік желілерде тараған видеоны мұқият зерттегенін хабарлады.
ERNUR.KZ. Алматы облысы Көктал ауылының кәсіпкері қарумен ұсталды. Алайда ер адам полицейлер қаруды әдейі салып жібергендерін айтады. Өңірлік Полиция департаменті ер адам неге ұсталғанын түсіндірді, деп жазады Tengrinews.kz.
Қазақстандық журналист Ардақ Байғабыл Instagram желісіндегі парақшасында бизнесмен Асылбек Әукеновті ұстап жатқаны түскен видеоны жариялады. Блогердің айтуынша, кәсіпкер оның жақын досы. Әукенов ұсталған кезде ол мал жөндеуге бара жатқан, оның қасында ұлы мен жалдамалы қызметкері - бақташы болған.
"Асылбектің айтуынша, оған қаруды әдейі салып жіберген. Куәгерлерге қарамастан, оны ұстап алып кеткен", - дейді Ардақ Байғабыл.
Журналистің айтуынша, кәсіпкер Панфилов аудандық полиция бөлімінің лауазымды бастықтарының бірінің тапсырмасымен ұсталған. Ол Асылбек Әукеновтен 10 мың доллар пара бопсалаған. Байғабыл бұл деректі растайтын аудио және SMS хабарламалар бар екенін атап өтті. Әукенов ақша беруден бас тартқан соң, полиция қызметкері кек алғысы келген-мыс.
Алматы облысының полиция департаменті әлеуметтік желілерде тараған видеоны мұқият зерттегенін хабарлады.
"Аталған дерек бойынша 1980 жылғы Алматы облысы, Панфилов ауданы, Көктал ауылының тұрғыны Әукенов 1978 жылы туған А. есімді әйелге қатысты алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталды.
Жәбірленушінің айғақтарына сәйкес, күдікті Әукенов, әйел мен оның күйеуінің сеніміне қиянат жасап, жалпы сомасы 50 миллион теңгеге жуық болатын арнайы техниканы алып кеткен", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, арыз берушінің ақпараты бойынша, күдікті оның сеніміне кіріп, 11 миллион теңге көлемінде ақша алған. Аталған дерек ҚР ҚК-нің 195-бабы 4-бөлігі бойынша СДТБТ-ға тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Тергеу барысында күдікті тіркелмеген қаруды заңсыз сақтағаны анықталды. Бұл дерек ҚР ҚК 287-бабы 3-бөлігі бойынша СДТБТ-да тіркелген.