Жеті оқытушы қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылып, колледж директоры қызметінен босатылды.
фото:Sputnik / Сергей Пятаков
ERNUR.KZ. Қостанай облысының Қарабалық ауданындағы агротехникалық колледжде сабаққа қатыспаған 45 студент оқудан шығарылды, деп жазады sputnik.kz.
Қарабалық ауданының прокуратурасы колледжде оқу процесін ұйымдастыру, мемлекеттік мүлікті басқару және студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша тексеру жүргізген.
Тексеру барысында 45 студенттің сабаққа іс жүзінде қатыспағанына қарамастан, білім алушылар қатарында тіркелгені анықталды. Бұл бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына әкеп соққан.
"Сонымен қатар бес жыл бойы қалдық құны нөлге тең көлік құралдарын есептен шығару бойынша тиісті шаралар қабылданбаған", – деп хабарлады прокуратура.
Бұдан бөлек, 65 студент тұратын жатақхананың техникалық жағдайына қатысты да кемшіліктер анықталған.
Прокуратураның араласуынан кейін сабаққа қатыспаған 45 студент оқудан шығарылды. Сондай-ақ жеті оқытушы қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылып, колледж директоры қызметінен босатылды.


