Табиғатты қорғау – уақытша науқан емес, үздіксіз атқарылатын ортақ іс.
фотосуреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан
Табиғатты аялау, қоршаған ортаны қорғау – эколог мамандардың ғана міндеті емес, тұтас қоғамның ортақ ісі. Өйткені, күн өткен сайын қоршаған ортаның ластануы, су тапшылығы, заңсыз аңшылық, жасыл желектің азаюы мен табиғи аумақтардың тозуы сынды мәселелер күрделеніп бара жатыр. Әсіресе табиғи байлығы мол оңтүстік өңірлер үшін экологиялық тепе-теңдікті сақтау айрықша маңызды. Осы орайда табиғатты қорғау саласында еңбек еткен, «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінде қызмет атқарған, талай тауға экспедиция жасап, журналист ретінде экологиялық мәселелерді көтеріп жүрген табиғат жанашыры Қайрат Кәрібаевпен әңгімелескен едік. Сол сұхбатты оқырман назарына ұсынамыз.
– Қайрат Сүлейменұлы, сіздің өмір жолыңыз табиғатты қорғау ісімен тығыз байланысты. Экология саласына келуіңізге не себеп болды? Табиғатқа деген жанашырлық қайдан басталды?
– Адам бойындағы табиғатқа деген сүйіспеншілік бала кезден қалыптасады деп ойлаймын. Табиғат аясында өскен адам оның қадір-қасиетін, әрбір ағаштың, бұлақтың, жан-жануардың өзіндік орны бар екенін терең түсінеді. Мен үшін табиғатты қорғау белгілі бір қызметпен немесе лауазыммен шектелмейді. Бұл – өмірлік ұстаным. «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінде қызмет атқарған жылдарым мен үшін үлкен тәжірибе мектебі болды. Табиғи аумақтарды қорғаудың қаншалықты күрделі екенін, кейде бір ғана заңсыз әрекеттің тұтас экожүйеге зиян келтіруі мүмкін екенін сол жерде жүріп терең ұғындым. Табиғатқа жанашыр болу жеткіліксіз, оны қорғау үшін білім, табандылық және азаматтық жауапкершілік қажет.
– Табиғат қорғау қызметінде жүргенде браконьерлермен және табиғи ресурстарды заңсыз пайдаланушылармен бетпе-бет келген кездеріңіз аз болмаған шығар. Мұндай жағдайларда қандай қиындықтарға тап болдыңыз?
– Табиғатты қорғау саласында жұмыс істеу сырт көзге табиғат аясында серуендеп жүргендей көрінуі мүмкін. Бірақ оның ар жағында үлкен жауапкершілік пен күрес жатыр. Заңсыз аңшылық, ағаштарды отау, табиғи ресурстарды ретсіз пайдалану сияқты әрекеттерге тосқауыл қою оңай емес. Кейде табиғат қорғау қызметкерлері өз міндетін атқару барысында түрлі қысымға да тап болады.
Меніңше, мұндай мәселелерді тек рейд жүргізумен немесе айыппұл салумен шешу мүмкін емес. Ең алдымен, табиғи байлықтың ортақ қазына екенін қоғамға түсіндіру керек. Заң талаптары баршаға бірдей орындалып, табиғатқа зиян келтіргендер нақты жауапкершілікке тартылуы тиіс. Табиғатты қорғаушының артында мемлекет пен қоғамның қолдауы тұрған кезде ғана бұл жұмыс нәтижелі болады.

– Қазақстандағы қазіргі экологиялық ахуалға қандай баға бересіз? Мемлекет деңгейінде қолға алынып жатқан экологиялық бағдарламалар мен бастамалардың тиімділігі қандай?
– Қазақстанның табиғи әлеуеті өте зор. Кең даламыз, тауларымыз, өзен-көлдеріміз бен орман-тоғайларымыз – баға жетпес байлық. Алайда осы байлықты сақтау мәселесінде әлі де шешімін күткен түйткілдер көп. Ауаның ластануы, су ресурстарының азаюы, тұрмыстық және өндірістік қалдықтар, жердің тозуы, биоалуантүрліліктің кемуі – бір-бірімен тығыз байланысты мәселелер.
Соңғы жылдары экологиялық заңнаманы жетілдіру, көгалдандыру, қалдықтарды басқару, су ресурстарын қорғау, өндіріс орындарының қоршаған ортаға әсерін бақылау бағытында көптеген жұмыс жүргізіліп жатыр. Әрине, бұл бастамалардың маңызы айрықша. Десе де кез келген бағдарламаның тиімділігі оның нақты нәтижесімен өлшенуі керек.
Мысалы, ағаш отырғызу науқанында қанша көшет егілгенін ғана емес, олардың қаншасы жерсініп, қаншасы өнгенін есептеу керек. Өндіріс орындарына қатысты экологиялық бақылау да сөз жүзінде қалмауы тиіс.
– Оңтүстік өңірінің тұрғыны ретінде Шымкент қаласы мен Түркістан облысының экологиялық жағдайына қатысты пікір білдірсеңіз. Шымкентте қандай мәселелерге басымдық берілуі керек? Түркістан облысының табиғи ерекшеліктері мен экологиялық мәселелері туралы не айтасыз?
– Шымкент – халқы көп, өндірісі, құрылысы мен көлік қозғалысы қарқынды мегаполис. Сондықтан мұндағы экологиялық мәселелерге ерекше көзқарас қажет. Ең алдымен, ауа сапасын жақсарту, өндірістік қалдықтарды бақылау, көлік түтінін азайту, тұрмыстық қалдықтарды дұрыс басқару және жасыл желекті көбейту маңызды. Сонымен қатар кәсіпорындардың экологиялық жауапкершілігін арттыру керек. Түркістан облысы табиғи байлығы мен географиялық ерекшелігі жағынан өте маңызды өңір. Мұнда өзен аңғарлары, таулы аймақтар, ерекше табиғи ландшафтар мен жануарлар дүниесі бар. Сонымен бірге су тапшылығы, жердің тозуы, шөлейттену сияқты мәселелер де кездеседі. Соның ішінде, Сырдария өзенінің жағдайы тек бір облыстың немесе бір мемлекеттің мәселесі емес. Өзеннің мүшкіл хәлі ауыл шаруашылығына, елді мекендерге, табиғи ортаға және жалпы өңірдің болашағына әсер етеді. Сондықтан су ресурстарын тиімді пайдалану, өзенге түсетін ластаушы заттарды азайту, су үнемдеу технологияларын енгізу және мемлекетаралық ынтымақтастықты нығайту маңызды.

– Сіз көптеген тауларға экспедиция жасадыңыз. Қазақстанның таулы аймақтарында экологиялық туризмді дамыту мүмкіндігі қандай?
– Тауларға жасаған экспедицияларым табиғаттың қаншалықты бай әрі нәзік екенін сезінуге мүмкіндік берді. Биік таулар, мөлдір бұлақтар, ерекше өсімдіктер мен жануарлар дүниесі – халқымыздың үлкен байлығы. Бірақ осы табиғи әсемдікті сақтау үшін оған жауапкершілікпен қарауымыз керек.
Түркістан облысында экологиялық туризмді дамытуға мүмкіндік мол. Сайрам-Өгем ұлттық табиғи паркі, Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығы және басқа да табиғи аумақтар отандық әрі шетелдік туристердің қызығушылығын арттыра алады. Бұл жерлерде жаяу саяхат, ғылыми-танымдық экспедициялар, фото-туризм және табиғатты бақылау бағыттарын дамытуға болады. Алайда экотуризм дегеніміз – табиғат аясына көп адам апару ғана емес, табиғи ортаға зиян келтірмей саяхаттау. Туристік соқпақтар белгіленіп, демалыс орындары реттеліп, қоқыс мәселесі шешілуі керек. Қорғалатын аумақтарда туристер саны мен қозғалысына қатысты экологиялық талаптар сақталуы қажет.
– Экотуризмді дамытуда жергілікті тұрғындардың рөлі қандай болуы керек? Туризм өңір экономикасына пайда әкелумен қатар, табиғатты қорғауға да ықпал ете ала ма?
– Әрине, жергілікті тұрғындар экологиялық туризмнің белсенді қатысушысы болуы керек. Өйткені табиғи аумақтың маңында өмір сүретін халық сол жердің жағдайын бәрінен жақсы біледі. Егер жергілікті тұрғындар туристерге қызмет көрсету, гид болу, ұлттық тағамдар мен қолөнер бұйымдарын ұсыну арқылы табыс табатын болса, олардың табиғатты сақтауға деген ынтасы да артады. Бұл бағытта мемлекет пен жергілікті әкімдіктер шағын кәсіпкерлікті қолдап, экологиялық талаптарға сай туристік инфрақұрылым қалыптастыруы қажет. Туризмнен түсетін табыстың бір бөлігін табиғи аумақтарды күтіп ұстауға, тазалық жұмыстарына және экологиялық мәдениетті көтеруге бағыттау да тиімді болар еді.

– Сіз журналист ретінде де экологиялық мәселелерді көтеріп жүрсіз. Экологиялық журналистиканың қоғамдағы орны қандай?
– Экологиялық журналистиканың басты міндеті – қоғам назарын табиғаттағы өзгерістер мен қордаланған проблемаларға аудару. Кейде бір мәселені дер кезінде көтеру арқылы үлкен экологиялық зардаптың алдын алуға болады. Журналист тек проблеманы жариялап қана қоймай, оның себеп-салдарын зерттеп, жауапты мекемелердің назарын аударып, шешімін бақылауы тиіс. Экология тақырыбын көтергенде нақты дерекке, ғылыми негізге және мамандардың пікіріне сүйену маңызды.
– Сөз соңында мемлекет билігіне, кәсіпкерлер мен тұрғындарға қандай ұсыныс айтар едіңіз?
– Мемлекет экологиялық бақылауды күшейтіп, табиғи ресурстарды пайдалануға қатысты талаптардың орындалуын қамтамасыз етуі керек. Кәсіпкерлер өндіріс тиімділігін ғана емес, өндірістің қоршаған ортаға тигізетін әсерін де ойлауы тиіс. Ал әрбір тұрғын табиғатты қорғауды өзінен бастағаны жөн. Біз табиғатты келешек ұрпақтан мұраға алған жоқпыз, керісінше өскелең ұрпаққа аманат ретінде жеткізуіміз керек. Табиғатты қорғау – уақытша науқан емес, үздіксіз атқарылатын ортақ іс. Ең бастысы – табиғатқа өз өміріміздің ажырамас бөлігі ретінде қарау.
– Мағыналы әңгімеңізге алғыс білдіремін!
Сұхбаттасқан: Б.Мейірханұлы,


