Алматы облысында жауын салдарынан Көлсайға баратын жолды су басты

0
469

​Алматы облысында лай су Көлсай көлдеріне баратын жолды шайып, осы аймақтағы елді мекенді басып қалды.


Алматы облысында жауын салдарынан Көлсайға баратын жолды су басты

ERNUR.KZ. Әлеуметтік желіде тараған видеодан жол мен үй аулаларын су басқанын көруге болады. Ролик 23 маусымда Кеген ауданында Көлсай көлдеріне апаратын жолда, сондай-ақ Ақшоқы ауылында түсірілгені айтылған, деп жазады sputnik.kz.

Жергілікті билік пен облыстық ТЖД бұл ақпаратты растады.
"Республикалық маңызы бар Көкпек – Кеген – Түп және Жалаңаш – Саты – Көлсай көлі тасжолын су шайып кетті. Оқиға орнында төтенше жағдай қызметкерлері, полицейлер және аудан әкімдігінің өкілдері жұмыс істеп жатыр. Қалпына келтіру жұмыстары әлі жалғасуда", - деді Алматы облысы әкімдігі.
Сонымен қатар жергілікті билік елді мекенді су басуына қатысты пікір білдірді.
"Ақшоқы ауылындағы көшенің бойымен ағын су жүріп өтті. Тұрғын үйлерді су басқан жоқ. Су 11 аула арқылы өткен. Оқиға орнында төтенше жағдайлар қызметкерлері арнайы техниканың көмегімен жұмыс істеп жатыр. Қазір жауын-шашын тоқтап, су деңгейі төмендеді", - деді облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, бір күн бұрын "Қазгидромет" Алматы облысының таулы және тау бөктеріндегі аймақтарында және Алматыға іргелес аудандарда 21-23 маусым аралығында нөсер жауын жауатыны туралы ақпарат таратты. Синоптиктер өзендердегі су деңгейі көтеріліп, су тасқыны болуы мүмкін екенін ескертті.