Алматы тауларында жоғалған туристерді іздеу жалғасып жатыр: бір адамның денесі табылды

0
75

Қалған екі азаматты іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.


Алматы тауларында жоғалған туристерді іздеу жалғасып жатыр: бір адамның денесі табылды

Сурет: Алматы құтқару қызметі

ERNUR.KZ. Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары Алматы қаласы маңындағы таулы аймақта іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп жазады zakon.kz.

26 желтоқсанға қараған түні Алматы қалалық ТЖД-ның 112 пультіне азаматшадан хабарлама түскен. Оның айтуынша, бауыры екі досымен бірге 24 желтоқсан күні таңертең тауға шығып, содан бері хабарсыз кеткен. Жоғалған азаматтардың ұялы телефондарымен байланысқа шықпағанына 12 сағаттан асқан.

Хабарлама түскен бойда іздестіру жұмыстарына ТЖМ күштері мен құралдары жұмылдырылды. Олардың қатарында Республикалық жедел-құтқару жасағы, ТЖМ-нің апаттық медицина орталығының мамандары, Құтқару қызметі, полиция қызметкерлері мен еріктілер бар.

Оқиға орнында жедел штаб құрылып, ТЖМ-нің "Қазәуеқұтқару" тікұшағы әуеге көтерілді. Әуе арқылы "Тұйықсу" мұздығы, "Мыңжылқы" шатқалы және "Локомотив" шыңы аумағы тексерілді.

"Іздестіру барысында ұшқышсыз ұшу аппаратының көмегімен "Локомотив" шыңы маңынан бір адамның денесі табылды. Марқұмның денесі теңіз деңгейінен 3 700 метр биіктіктен ТЖМ әуе техникасы арқылы төмен түсіріліп, полиция қызметкерлеріне тапсырылды".Алматы төтенше жағдайлар департаменті

Аталған дерек бойынша сот-медициналық сараптама тағайындалды. Марқұмның жеке басы барлық қажетті сараптамалар аяқталғаннан кейін анықталады. Қайтыс болған адамның туыстарына психологтар мен медицина қызметкерлері тарапынан қажетті көмек көрсетіліп жатыр.

Қалған екі азаматты іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Ал Құтқару қызметінің мәліметінше, қайғылы оқиға қар көшкіні салдарынан болуы мүмкін.