Аттракцион айналып жатқан сәтте жұмысын тоқтатқан.
Фото: Видеодан скрин
ERNUR.KZ. Алматыдағы ойын-сауық саябақтарының бірінде "Ромашка" деп аталатын Top skan аттракционы кенеттен тоқтап, ондаған адам биікте тұрып қалған, деп жазады stan.kz.
Мәліметтерге сенсек, жағдай 13 сәуірде болған. Аттракцион айналып жатқан сәтте жұмысын тоқтатқан. Куәгерлердің айтуынша, адамдар бірнеше минут бойы биікте тұрып қалған.
"Мир фантазий" саябағының әкімшілігі аттракцион қауіпсіздік датчигінің іске қосылуына байланысты тоқтағанын мәлімдеді.
"15:08-де Top skan аттракционы тоқтады. 15:16-да барлық келуші эвакуацияланды. Ешкім зардап шеккен жоқ, шағымдар мен наразылықтар түскен жоқ. Жағдай саябақ инженерлерінің толық бақылауында болды", – деді саябақ әкімшісі Виктор Данилов.
Әкімшіліктің айтуынша, сол күні датчик ауыстырылған.
"Барлық аттракционды штаттағы инженерлер күн сайын саябақ ашылар алдында тексереді. Сонымен қатар ай сайын мемлекеттік бақылау органдары тарапынан да тексеріс жүргізіледі. Барлық бөлшек, тіпті, ұсақ жарықтар да жіті тексеріледі", – деді ол.
Саябақ әкімшілігі аттракциондардың көбі қолданылып тұрғанына он жылдан асып кеткенін мойындады. Алайда оларды уақытылы және дұрыс күтіп ұстаған жағдайда пайдалану мерзімі шектеусіз екенін атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін Шымкент соты адам қаза болған ойын-сауық саябағын бұзуға үкім шығарғанын жазған едік. Сот мәліметінше, 2011 жылы коммерциялық компания балалар орталығын салу үшін мегаполистің орта жағынан саябақ учаскесін жалға алған. Дегенмен компания оның орнына кейінгі жылдары бірнеше рет жанжалдың ортасында қалған ойын-сауық саябағын салған. 2021 жылдың мамыр айының соңында "Қиял әлемінің" 17 жастағы қызметкері аттракционнан құлап қайтыс болды. Өткен маусымда аттракциондардың бірі өртенген еді.