Балаларға арналған алаңқай әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті.
ERNUR.KZ. Алматыдағы аулалардың біріне мәскеулік "Кремль" үлгісіндегі балалар ойыншығы орнатылды. Қала орталығындағы аула ойыншығына кім тапсырыс берді, ол қайдан әкелінді? Ерекше балалар алаңы желіде қызу талқыға түскен, деп жазады kaz.nur.kz.
Facebook қолданушылары кішкентай “кремльге” түрлі көзқарас танытуда. Бірі ауладағы жөндеу жұмыстарына, жаңадан орнатылған ойын алаңына көңілі толса, басқалары "мәскеулік кремльдің" орнатылуынан саяси астар іздеген.
Журналист Ришат Асқарбекұлы Алматы әкімдігіне ескерту ретінде балалар алаңындағы ойыншықты сынға алған.
"Мәскеуге қарап ұлитын "божколар" қайдан шығады осы? ... деп таңғалып жүрмеңдер ертең. Ойыншық қытайдыкі, идеология ресейдікі. Жетіскен екенбіз...", - деп жазады өз парақшасында (автордың орфографиясы мен пунктуациясы сақталған).
Тағы бір пікір иесі Кремльдің Эйфель, Пиза мұнарасы, Капитолий сияқты жай ғана архитектуралық ескерткіш екенін айтады.
Шындығында "кремльдің" ойыншық нұсқасы Қытайдан емес, Ресейден тапсырыспен алынған. Бұл туралы Алматы қаласы Медеу ауданы коммуналдық шаруашылық бас маманы Бахтияр Мұратбекұлы хабарлады.
"Бұл аула Гоголь 75, Қонаев 51 мекенжайында орналасқан. Қазір жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Қазан айында аяқталады. Аулаға орнатылған ойыншықты Ресейден тапсырыспен алдырттық. Ол жай ғана ойыншық. Ауланы жобалаған кезде біз оның көлеміне қараймыз. Аулаға қандай көлемдегі ойыншық сай келетінін анықтаймыз. Бұған дейін басқа аулаларға үлкен көлемдегі көпфункционалды кеме тәрізді, қамал тәрізді ойыншықтар орнаттық" , - дейді бас маман.