Әйелдің айтуынша, ер адам әуелі қыз баланы ұрмақ болған, алайда қыз қашып үлгерген.
Ulysmedia коллажы
ERNUR.KZ. Алматы тұрғыны таңертең «Атакент» маңында жаттығу жасап жүрген балаларға бейтаныс ер адамның шабуыл жасағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, ер адам 10 жастағы ұлын жұдырықпен ұрып, балаларды өлтіретінін айтып қорқытқан. Ер адамды әскери қызметшілер ұстаған, деп жазады ulysmedia.kz.
Алматы тұрғыны Гауhар Threads желісінде сәрсенбі күні таңертең «Атакент» көрме кешені маңындағы саябақта болған оқиға туралы жазды. Оның сөзінше, бір топ бала жаттығу жасап жатқан кезде оларға ересек ер адам келген.
Әйелдің айтуынша, ер адам әуелі қыз баланы ұрмақ болған, алайда қыз қашып үлгерген. Кейін ер адам оның 10 жастағы ұлының көзін жұдырықпен бір ұрған.
– Баланың көзінің асты көгеріп қалды. Балалар қорқып, қашып үлгерді. Бүгін менің балам зардап шекті. Ертең оның орнында кез келген басқа бала болуы мүмкін. Балалардың қашып үлгергеніне шүкір. Оқиғаның немен аяқталуы мүмкін екенін ойлаудың өзі қорқынышты, – деп жазды әйел.
Балағаттап, қорқытқан
Гауhардың айтуынша, сол маңда әскери қызметшілер болған. Олар оқиғаға араласып, ер адамды ұстап, полиция шақырған. Кейін оны келген полиция қызметкерлеріне тапсырған.
Әйел ата-аналар полицияға арыз жазғанын, баланың денесіндегі жарақаттар тіркелгенін, ал куәгерлер түсініктеме бергенін хабарлады.
– Біз барған кезде оны аудандық ішкі істер бөліміне алып кеткен екен. Оны ұстаған әскери қызметшілер кейін сол жерге барып, түсініктеме берді. Олардың айтуынша, ер адам қазақтарды жек көретінін айтып айғайлаған. Содан кейін балаларға қарай барып, оларды пышақтап тастаймын деп қорқытқан. Әскери қызметшілердің сол жерде болып, оны дер кезінде ұстағаны жақсы болды. Оларға көп рақмет. Олар болмағанда, оқиғаның немен аяқталуы мүмкін екенін елестетудің өзі қорқынышты, – делінген жазбада.


