Өзбекстанның Денсаулық сақтау министрі жағдайды бақылауына алған.
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев
ERNUR.KZ. Ташкентте футболдан халықаралық турнирге барған 11 қазақстандық бала ауруханада жатыр. Балалардың жағдайын Өзбекстанның Денсаулық сақтау министрлігі бақылауына алды. Бұл туралы Құрылтай төрағасының орынбасары, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Зәкиева мәлімдеме жасады, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Динара Зәкиеваның айтуынша, ол Өзбекстандағы бала құқықтары жөніндегі уәкілмен, Қарағанды облысының әкімімен және бас жаттықтырушымен байланыста отыр.
«Қарағанды облысынан Өзбекстанға 60 бала, 32 ата-ана және төрт жаттықтырушы барған. Қазір 11 баланы Ташкенттегі аурухана дәрігерлері қарап жатыр. Өзбекстанның Денсаулық сақтау министрі жағдайды бақылауға алды. Балалар толық сауыққанша Өзбекстанда қалады, қалған балалар ата-аналарымен бірге бүгін Қазақстанға қайтады», – деп жазды ол.
Еске салайық, 28 қазан мен 2 қараша аралығында Ташкентте футболдан «Dostik Cup» халықаралық турнирі өткен. Балалар мен ата-аналар жарысқа жеке қаражаты есебінен барған.
Ата-аналарының айтуынша, 31 қазанда қонақүйдегі таңғы астан кейін балалар мен ересектердің іші ауырып, дене қызуы көтерілген. Бір тәулік ішінде 15 баланың жағдайы нашарлаған. Ата-аналар жұмыртқа жемеген сегіз баланың ауырмағанын айтқан. Осы жағдайдан кейін бір топ бала ауруханаға түскен.


