Алматыда кене қаптап кеткен (видео)

0
1 425

Эпидемиологтар биыл жәндіктер әдеттегідей орман-тоғайларда емес, қалада қаптағанын айтып дабыл қағуда.


Алматыда кене қаптап кеткен (видео)

ERNUR.KZ. Кенеден төнген қауіп. Алматыда күн жылынғалы бері қансорғыш жәндіктер 2-мыңға жуық адамды шағып үлгерген. Олардың төртеуінен аса қатерлі аурулар анықталыпты. Эпидемиологтар биыл жәндіктер әдеттегідей орман-тоғайларда емес, қалада қаптағанын айтып дабыл қағуда, деп хабарлайды ktk.kz.

Көктемде таулы аймақтарда залалсыздандыру жүргізген мамандардың биыл қалада да жұмысы артты. Кене шағып, ауруханаға түскен адамдардың саны былтырғыға қарағанда өршіп тұр. Наурыз айынан бері 1875 адам улы жәндіктен зардап шеккен. Осы орайда мамандар қатерлі кене энцефалитіне шалдықпай тұрып, дәрігер көмегіне жүгіну қажеттігін айтады.

Бибігүл Нұрғалиева, Инфекциялық және паразиттік ауруларға эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің бас маманы: Кене энцефалиті орталық жүйке жүйесін зақымдайтын өте қауіпті вирустық инфекциялық ауру болып табылады. Бұның алғашқы белгілері тұмау ауруына ұқсайды. Температурасы көтеріліп, әлсіздік пайда болады. Кене энцефалитінің ауыр жағдайымен ауырған жағдайда адам мүгедектікке ұшырауы мүмкін. Ал кейбір жағдайда өлімге әкеліп соғуы мүмкін.

Бірнеше күн бұрын ресейлік дәрігер Наталья Толоконская әлеуметтік желіде кене энцефалитінің пайдалы екенін айтып, жар салды. Тіпті адам иммунитетін көтереді деп айды аспаннан бір-ақ шығарған. Көрші елде бұл ғылыми жаңалық қызу талқыға түсті. Деседе біздегі мамандар ресейлік әріптесімен келіспейтіндіктерін айтады.

Әсел Қалықова, Алматы қаласының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары: Кененің шағуы тіпті адамды сал ауруына шалдықтыруы ықтимал. Ресейлік әріптестеріміз қателесіп айтқан болса керек. Кене қауіпті аурулардың тасымалдаушысы. Сол себепті халықта кенеден келер қауіпті ескермей, тек ауруы асқынған кезде ғана келіп жатады. Бұл дұрыс емес.

Шілдеге шейін орманды жерлерге серуендеуге шыққан тұрғындар кенеден қорғайтын арнайы заттар алып, зиянкестерден сақ болуға шақырады. Сонымен қатар, мамандар қауіпті кеселге шалдықпас үшін алдын ала вакцина салдыру керектігін ескертеді.