Алматыда халықаралық стандарттарға сай жаңа мәйітхана салынып жатыр

0
1 099

Жоба құны 1,5 миллиард теңге.


Алматыда халықаралық стандарттарға сай жаңа мәйітхана салынып жатыр

ERNUR.KZ. Биыл Алматыда халықаралық стандарттарға сай еліміздегі алғашқы мәйітхана ашылады. Бұл – қаладағы салынып жатқан 4 денсаулық сақтау нысанының бірі. Оның екеуі Алатау ауданында орын тебеді. Қазір құрылыс қызу жүргізілуде. Екі нысан да шілде айының аяғында аяқталады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жаңа мәйітханада сот-медициналық сараптама, биологиялық заттарға зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Жоба құны 1,5 миллиард теңге. Жауаптылардың айтуынша бұл Қазақстандағы алғашқы халықаралық стандарттарға сай нысан болмақ.

«Патолоанатомиялық бюро осы қызметтегі жүйелерді бір орталыққа топтастырады. Заманауи нысан биологиялық материалдарды жақсы сақтауға мүмкіндік береді. Бұл өзі тектес бюроның ішінде Алматыда, жалпы елімізде салынып жатқан алғашқысы», – дейді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жанар МӘДИЕВА.

Аталған нысандардың бірі – №12-ші жедел жәрдем стансасы.

Нысанның құрылысына жергілікті қазынадан 500 миллион теңге қарастырылыпты. Жауаптылар нысан пайдалуға берілсе, аудан тұрғындарына жедел медициналық көмек дер кезінде жетеді дейді.

Географиялық және архитектуралық жағынан шешім тапқан бұл нысан бір мезетте 14 жедел жәрдем көлігін сыйғыза алады. Бұл бір жағынан Алатау ауданының тұрғындарына ыңғайлы болса, екінші жағынан қаланың инфрақұрылымын дамытуға септігін тигізбек.

«Жедел жәрдем бригадасының науқасқа жету уақыты біршама қысқарады. Белгіленген стандарт бойынша жедел медициналық көмек 11-12 минутта жетіп, науқасқа тиісті ем-шараны жүргізуі керек», – дейді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жанар МӘДИЕВА.

«Бүкіл ғимараттың негізі осы жүргізушілерге және дәрігерлерге қажеттілігінің барлығын қамамасыз етуге бағытталған. Қазір ішкі әрлеу жұмыстары аяқталып қалды. Сыртқы және ішкі инженерлік жұмыстары толықтай бітті. Енді құдай қаласа, 25-ші шілдеде аяқтаймыз деп отырмыз. Кесте бойынша үлгеріп келе жатырмыз», – дейді "Тәуекелқұрылыс" ЖШС өкілі Тоқтамыс ЕСЕНТАЕВ.