Алматыда оқитын ауған студенттері Қазақстан билігінен көмек сұрады

0
421

Қазақстандық ЖОО-ларда 102 ауған студенті білім алып жатыр, қазір олар каникулда.


Алматыда оқитын ауған студенттері Қазақстан билігінен көмек сұрады

ERNUR.KZ. Ауғанстандағы ахуалға алаңдаған Қазақстандағы ауған студенттері туған жеріне оралуға қауіптеніп отыр. Қ. И. Сəтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық зерттеу университетінің магистрі (магистратураны биыл тәмамдаған) Хашими Саид Абдулхади «Талибан» қозғалысы күшпен алған қазіргі билікке күмәнмен қарайтынын айтты. Себебі, осы күнге дейін 2 студент тәліптердің қолынан қаза тапқан, деп жазады Аzattyq Rýhy.

Қазір Саидпен бірген тағы 30 шақты ауған студенті бірауыздан өтініш хатқа қол қойды. Олар Ауғанстандағы қауіп сейілгенше Қазақстан елінде қала туруға ниетті.

«2018 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін бітірген Самим Фарамарз телеарнада жұмыс істеп жүрген кезде тәліптердің шабуылынан көз жұмды. 2020 жылы Қарағанды университетін бітірген Ахмадшах Хадимияр деген студент тәліптерге қарсы соғыста қайтыс болды. Сол себепті, біз - студенттер елге оралуға алаңдап отырмыз», - дейді Саид.

25 жасқа келген ауғанстандық азамат өз елі, ата-анасы, бауырлары үшін қатты алаңдайды. .

«Өз еліме барып, жұмыс істеп, парызымды өтеу – менің және қасымдағы басқа да ауған студенттерінің жүрек қалауы. Сол арман әлі де жүрегімізде бар. Бірақ соған жету үшін елімізде соғыс болмауы керек, студенттерге ешкім тиіспеуі керек, жұмысқа шығуға кедергі келтірмеуге тиіс. Бірақ ондай мүмкіндіктер жоқ, оған ешкім кепілдік беріп отырған жоқ.
Ата-анам және менен кейін туған екі қарындасым мен екі інім Ғазни қаласында тұрады. Олардың айтуынша, қазір соғыс әрекеттері жоқ, тыныштық. Бірақ Талибан билікке келгенге дейін өте көп соғыс болған. Екі күннен кейін (Талибан билікке келген соң – ред.) хабарласқан едім, әкем «үйден шыға алмай отырмыз» деді. Ата-анамның азық-түлік сататын дүкені бар. Ол кезде дүкенге баруға еш мүмкіндік болмады. Қазір енді соғыс басылды. Себебі, Талибанмен соғысатын, оған қарсы шығатын ешкім жоқ», - дейді Саид.

Саид Абдулхади Қазақстанға 2014 жылы келген. Қазақ тілін жетік меңгерген.

«Екі-үш апта бұрын диплом алдық. 2014 жылы қазақ тілін меңгеру және оқуға дайындық бойынша бір жылдық курстан өттік. Содан кейін бакалавр, магистратурада білім алдым. Су ресурстары мамандығын бітірдім. Бакалаврдағы білімім екі мемлекет арасында жасалған келісімшарт негізінде грантта, ал магистратураны Қазақстан берген стипендиалды бағдарлама негізінде оқыдым», - дейді қазақ тілін жетік меңгерген студент.

ТАЛИБАН САЯСАТЫ ТУРАЛЫ СТУДЕНТТІҢ ПІКІРІ

«Менің көзқарасымды сұрасаңыз, бұл өте күрделі сұрақ. Халықтың қашып жатқаны - Талибанға деген көзқарастың дәлелі. Олар соңғы жиырма жылда не істеді, бәріңіз білесіздер. Сол себепті халық қашып жатыр. Бірақ, олар осы билікке келгелі бірнеше рет халыққа «оқуға қарсы емеспіз» деп уәде берді. Талибандардың идеологиясы халыққа ұнамайды. Маған да ұнамайды. Сол себептен уайымдап жатырмыз. Олар кейбір өңірлерді күшпен басып алса, кейбір қалалардағы биліктің өзі қашып кетті. Осылайша, Талибан билікке келді», - дейді Саид.

Оның айтуынша, былтыр елуге жуық ауған студенті Қазақстанға бакалавр мен магистратура бойынша білім алуға келген. Оның отызға жуығы Қазақстанда қалып отыр.

«Қазақ еліне, Қазақстан Үкіметіне бізге көптеген мүмкіндіктерді жасағаны үшін алғысымды білдіремін. Он жылдан бері студенттерге білім алуға мүмкіндік беріп отыр. Қазақ Үкіметінен сұрайтыным, Ауғанстанда болып жатқан жағдайды байқап, біздің өтінішке қатысты оң шешім шығарса екен. Студенттер - құнды генерация, оларға, яғни, бізге ақша аз жұмсалған жоқ. Бізге қайту мүмкіндігі болмаса, Ауғанстандағы жағдай қалпына келгенге дейін уақытша қалуды сұраймын», - деді ол.

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІНІҢ ЖАУАБЫ

Айта кетейік, кеше ҚР Білім және ғылым министрлігі Қазақстанда оқитын Ауғанстаннан келген студенттерге визалық қолдау көрсетуге дайын екендігін хабарлады. Министрліктің мәліметінше, еліміздің оқу орындарында БҒМ мен Ауғанстан Ислам Республикасының Жоғары білім министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында 102 ауған студенті білім алуда. Білім және ғылым министрлігі олардың барлығы каникул кезінде Ауғанстанда - өз отанында екенін хабарлады.

«Қазақстандық тарап меморандум аясында грант алған Ауғанстан азаматтарына визалық қолдауды қамтамасыз етуге дайын. Елге оралғаннан кейін олар гранттар мен стипендияларды сақтай отырып, қазақстандық жоғары оқу орындарында оқуын жалғастыра алады», - деп хабарлады министрліктен.

Естеріңізге сала кетейік, Талибан қозғалысының содырлары (террористік деп танылған және Қазақстанда тыйым салынған) Ауғанстан астанасы Кабулға кіріп, президент сарайын иеленді. Олар іс жүзінде Ауғанстан Ислам Әмірлігінің құрылғанын жариялап, елдегі билікті басып алды. Кейінірек Талибан өкілі елдегі соғыстың аяқталғанын мәлімдеді.

ҚР СІМ Ауғанстанда елшілік қызметкерлерінен басқа қазақстандық азаматтар қалмағанын хабарлады. Сондай-ақ, СІМ Қазақстанның Ауғанстаннан келген 70 мың босқынды қабылдауға дайын екендігі туралы ақпаратты жоққа шығарды.