Алматыда ток соққан жұмысшы аман қалды

0
686

Ер адамның жағдайы өте ауыр деп бағаланды.


Алматыда ток соққан жұмысшы аман қалды

ERNUR.KZ. Алматылық дәрігерлер жұмыс орнында электр тогы соққан ер адамның өмірін аман алып қалды, деп жазады inform.kz.

Алматы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, орталық қалалық клиникалық ауруханада реаниматологтар 43 жастағы науқастың жағдайын бір қалыпқа түсірген соң № 4 қалалық аурухананың комбустиологтарына жіберген.

«Ер адам „Ремизовка“ шағынауданында жұмыс істеп жүргенде электр тоғы соққан. Оған электр жарақаты, 35% термиялық күйік диагнозы қойылды. Ол сондай-ақ екінші дәрежелі күйік шогы диагнозымен орталық қалалық клиникалық аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылды. Кейін екі клиника арасындағы келісім бойынша науқас жедел жәрдем бригадасымен № 4 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілді. Келген сәттен бастап жансақтау бөлімінде жан-жақты қаралды», - деді № 4 қалалық клиникалық аурухананың күйік аурулары бөлімінің меңгерушісі Елдос Әлменов.

Ер адамның жағдайы өте ауыр деп бағаланды, науқас ұзақ уақыт бойы қарқынды терапия бөлімінде емделді.

Онда тыныс алуды, жүрек қызметі мен дененің өмірлік маңызды функцияларын сақтауды қамтитын ерте реанимация жасалды.

«Қатты күйікті емдеу көп уақытты әрі комбустиолог, реаниматолог, кардиолог, терапевт, хирург және басқа да дәрігерлердің араласуын қажет етті. Негізі электр тоғы ағзаны зақымдап, жүрек жұмысы, тыныс алу, жүйке жүйесінің бұзылуына, сондай-ақ күйікке, басқа да жарақаттарға әкелуі мүмкін. Тоқтың қарқыны жоғары болған кезде қарынша фибрилляциясы өршуі мүмкін, бұл бірнеше минутта өлімге әкеледі. Электр жарақатынан соң стресс синдромы сияқты психологиялық зардап да болуы мүмкін», - деді № 4 қалалық клиникалық аурухананың анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімінің меңгерушісі Жандос Дәулетбеков.

Ер адамға тері пластикалық хирургия жасау қажет болды. Оған аутодермопластика жасалды, яғни дененің сау терісі зақымдалған жерге ауыстырып салынды.

«Бұл әдіс жараның тез жазылуын және тез қалпына келуін қамтамасыз етеді. Операцияны хирургтар Елдос Әлменов, Диас Дәулетбаев және анестезиолог Қанатбек Райымбеков жасады. Емнің 52-ші күні науқастың жағдайы жақсарып, үйге шықты», - деп хабарлады қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.