Жолға әйелдер мен ер адамдар, қарттар мен балалар шығып, көлік қозғалысына кедергі жасаған.
ERNUR.KZ. Алматыда тұрғындар республикалық тасжолды жауып тастады, деп жазады tengrinews.kz.
Әңгіме "Алтын Орда" базары маңындағы, "Апорт" сауда орталығына қарама-қарсы орналасқан "Нұрлы дала" тұрғын үй кешені туралы болып отыр. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, мұнда 10 күннен бері су жоқ. 16 қазанда кешке ондаған адам Ташкент тасжолының шығыс бағытына шыққан.
Жолға әйелдер мен ер адамдар, қарттар мен балалар шығып, көлік қозғалысына кедергі жасаған. Салдарынан бір шақырымға созылған көлік кептелісі болды. Әлеуметтік желіде жарияланған видеолардың бірінде жиналғандарды таратып, жүргізушілерді өткізуге шақырған полиция қызметкерін көруге болады.
Жағдайға қатысты Алматы құрылыс басқармасы пікір білдірді. Ведомство мәліметінше, "Нұрлы дала" тұрғын үй кешені учаскесінде апат болуы салдарынан су жоқ.
"Нұрлы даладағы" сумен жабдықтау жүйесі 2019 жылы салынған. Жобада болат құбырлар қарастырылған, бірақ құрылыс барысында мердігер оларды шыныпластик құбырларға ауыстырған, салдарынан ол жиі істен шықты. Жобалық шешімді өзгертудің негізділігі мен жүргізілген жұмыстардың сапасын сарапшылар бағалайды және нәтижесі бойынша тиісті шаралар қабылданады. Қажетті тапсырмалар қала прокуратурасына берілді және жауаптылар заңның барлық қатаңдығы бойынша жауапқа тартылады", - деп сендірді басқарма өкілдері.
Апат орнында қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатқаны атап өтілді. Құбырлар ауыстырылып, су бұрылады. Жөндеу жұмыстарымен "Алматы су", Құрылыс басқармасы мен Наурызбай ауданы әкімдігінің қызметкерлері айналысып жатыр.