Алматыда үздік жас күйшілер марапатталды

0
784

Алматыда «Жастар арасында мемлекеттік тілді кеңінен танымал ету жөніндегі іс-шараларды өткізу» жобасы аясында республикалық «Күй құдіреті» байқауы аяқталды.


Алматыда үздік жас күйшілер марапатталды

Оны өткізудегі мақсат – күй арқылы жастардың бойында тарихына, тіліне, мәдениетіне деген құрмет пен сүйіспеншілік сезімін қалыптастыру деп хабарлайды ERNUR.KZ Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Республикалық «Күй құдіреті» байқауына Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Атырау, Алматы, Солтүстік Қазақстан облыстарының жас күйшілері қатысты. 16 және 29 жас аралығындағы қатысушылар сайыс барысында онлайн және оффлайн форматтарында өнер көрсетті.
«Қазақ халқының музыкалық мәдениеті өте бай. «Күй құдіреті» байқауы арқылы, күй арқылы біз жастарды тарихын, тілін, мәдениетін сүюге шақырамыз. Осылайша біз ұлттық өнерді дәріптеп қана қоймай, жастар арасында мемлекеттік тілдің қолданыс аясының кеңеюіне де өз септігімізді тигізе аламыз деп үміттенеміз», – дейді жоба үйлестірушісі Ақжамал Уразбаева.
Қазылар алқасының шешімімен бірінші орынды алматылық «Кәусар» жетігеншілер ансамблі, екінші орынды Qaz.modern этно-фольклорлы ансамблі, үшінші орынды «Шалқыма» домбырашылар ансамблі иеленді. Жүлделі орын иегерлері дипломдармен, 300 мың, 200 мың және 100 мың теңгелік сыйлықақымен марапатталды.
Айта кетейік, «Жастар арасында мемлекеттік тілді кеңінен танымал ету жөніндегі іс-шараларды өткізу» жобасын Ақпарат және қоғамдық даму минстрлігінің, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен Педагогикалық ғылымдар академиясы іске асыруда. Жоба ағымдағы жылдың соңына дейін жүзеге асырылмақ.