Алматыда XXII Халықаралық Жәутіков олимпиадасы өз мәресіне жетті

0
210

Алматыда 10-15 қаңтар аралығында XXII Халықаралық Жәутіков олимпиадасы өтті. Биыл олимпиадаға математика, физика және информатика пәндерінен барлығы 612 оқушы мен 122 команда жетекшісі қатысты.


Алматыда XXII Халықаралық Жәутіков олимпиадасы өз мәресіне жетті

ERNUR.KZ. Сайыскерлер әлемнің 16 елінен жиналды. Олардың арасында Армения, Әзербайжан, Беларусь, Болгария, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Пәкістан, Ресей, Румыния, Тәжікстан, Түркменстан, Индонезия, Үндістан және Өзбекстаннан келген оқушылар бар, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігі.

Олимпиада екі турдан тұрды. Тапсырмалар мамандандырылған сыныптар бағдарламасына сәйкестендірілді және оларды халықаралық қазылар алқасы құрастырды. Қазылар алқасының құрамында халықаралық деңгейде мойындалған мамандар бар, ал төрағасы – ҚР ҰҒА академигі Асқар Жұмаділдаев.

Биылғы олимпиада қорытындысы бойынша 70 оқушы алтын, 96 оқушы күміс, 158 оқушы қола медаль иеленді. Интеллектуалдық сайыс аясында барлығы 324 медаль сарапқа салынды. Сонымен қатар, жоғары нәтиже көрсеткен командалардың жетістіктері де арнайы аталып өтті.

Биыл «Абсолютті жеңімпаз команда» атағын Румыниядан келген Бухарест қаласындағы Халықаралық компьютерлік мектебінің командасы жеңіп алды. Бірінші орын мен «Үздік олимпиадалық команда» атағы Ресейдің В.Ф. Овчинников атындағы «Екінші мектеп» лицейіне бұйырды. Екінші орынды Ресейдің Капица атындағы Физтех-лицейі мен «Воробьёвы горы» командалары иеленді. Үшінші орынды Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінің (Қазақстан), София математика мектебінің (Болгария) және Ресейдің №239 Президенттік физика-математика лицейінің командалары олжалады.

Сайыс қорытындысы бойынша қазақстандық оқушылардың қоржынында 132 медаль бар. Олардың 28-і алтын, 35-і күміс және 69-ы қола медаль. Бұдан бөлек, еліміздің жоғары оқу орындарынан жеңімпаздарға ректорлық гранттар берілді.