Зақым келген нысандар анықталған жағдайда қала тұрғындары аудан әкімдігіне фотоматериалдармен бірге өтініш берулері қажет.
ERNUR.KZ. Алматы әкімдігі жер сілкінісі салдарынан зақым келген ғимараттар анықталған жағдайда не істеу керектігін түсіндірді, деп жазады sputnik.kz.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, аудандық әкімдіктер жанында Төтенше жағдайлар департаменті, Қала құрылысын бақылау басқармасы, аудандық сәулетшілер мен басқа да уәкілетті органдардың өкілдері бар комиссия тобы жұмыс істейді.
"Зақым келген нысандар анықталған жағдайда қала тұрғындары аудан әкімдігіне фотоматериалдармен бірге өтініш берулері қажет. Ары қарай комиссия мүшелері өтініш негізінде зақымдану деңгейін алдын ала анықтау үшін ғимаратқа көшпелі тексеріс жүргізеді. Яғни, олар тірек құрылымдарының бұзылуы немесе төбе, сылақ, кафель, қасбетті әрлеу сияқты әрлеу материалдарының элементтеріне қатыстылығын анықтайды", - делінген хабарламада.
Аудандық комиссиялардың барлық материалы Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасында жинақталады. Кейін ол Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтына (ҚазҚСҒЗИ) жіберіледі. Өз кезегінде ҚазҚСҒЗИ мамандары белгілі бір нысанның зақымдану себебі мен оның дәрежесі туралы қорытынды шығарады.
"Қалпына келтіру жұмысын қаржыландыруға келер болсақ, әлеуметтік нысандар бүлінген жағдайда жөндеу жұмыстары бюджет қаражаты есебінен жүргізілмек. Ал көппәтерлі тұрғын үйлердің әрлеу элементтері зақымданған жағдайда жөндеу жұмыстарын кондоминиум қаражаты есебінен жүргізу қажет. Ғимараттардың тұтастығына қауіп төндіретін зақым болған жағдайда, мемлекеттік органдардың бюджетінен қаржы бөлінетін болады", — деп хабарлады Алматы әкімдігі.