Өрттің күшті болғаны соншалықты, өрт сөндірушілер тікұшақты пайдаланбақ болды. Жалын мың шаршы метрге жуық аумаққа шарпыды.
ERNUR.KZ. Сейсенбі күні таңертең Алматы қаласының Әуезов ауданында жиһаз жасайтын цех өртенді, деп жазады sputniknews.kz.
Мұстай Кәрім көшесі, 16/3 мекенжайындағы үйден түтін шыққаны туралы хабарлама сағат 05.12-де түскен. Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткен кезде, жиһаз цехы аумағында жиналған кесілген ағаштар, сондай-ақ Foton Aumark көлігінің жанып жатқанын көрген.
Жалын жеке тұрғын үй секторына қауіп төндірді.
"Келіп жеткен жедел әрекет ету қызметтерінен дереу шұғыл штаб құрылды, оңтүстік-шығыс және оңтүстік-батыс тараптан екі алаң ашылды, ҚР ІІМ ТЖК авиациясына ескертілді", - делінген хабарламада.
Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, өрт кезінде жарылыс болған.
Полиция өрт шыққан жерді қоршауға алды. Жедел қабылданған шаралардың арқасында 970 шаршы метрге шарпыған өрт сағат 6:00-де оқшауланды.
Өрт сөндірушілер жапсарлас салынған сантехникалық жабдықтарды сататын үй-жайды, көрші тұрғын үйлерді аман алып қалды. ІІМ ТЖК авиациясының қажеті болмады.
Оқиға орнында өрт сөндіру қызметінің 19 техникасы және 65 қызметкері жұмыс істеп жатыр. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.