Алматылық оқушы достарымен алаңдардың бірінде ойнаған.
ERNUR.KZ. Сегіз жасар алматылық жабдықталмаған саябақта ойнап, жансақтау бөліміне түсті. Оқиға Алатау ауданында болды, деп жазады zakon.kz.
Алматылық оқушы достарымен алаңдардың бірінде ойнаған. Темір қоршаудан асып кететін кезде оны кенеттен тоқ соққан. Бала бірден есінен танып қалған.
"Жұмыста едім. Көршім хабарласып «тез келіңіз, балаңыз ес-түссіз жатыр» деді. Барсам, баламның аяғы мен қолы бүгілмейді. Қайта жедел жәрдем тез келді. Аурухана дәрігерлері электр тоғының соғуы жүрекке зиян тигізуі мүмкін екенін айтты", – деді оқушының анасы Әлия Әбдікәрімова.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, қоршауға бірнеше күннен бері тоқ қосылған. Өйткені бұған дейін Ботагөз Мұқашеваның немересі де осындай жағдайға тап болған екен. Оған қоса тұрғындар құзырлы орындардан балалар алаңын салуды бірнеше рет сұраған.
Алатау ауданының әкімдігі қазір бұл мәселемен айналысып жатқанын хабарлады. Олардың айтуынша, бұл мәселе жыл соңына дейін шешіледі.
"Біз қазір «Қатысу бюджеті» бағдарламасы аясында бұл мәселені қарастырып жатырмыз. Комиссия мәселені қарағаннан кейін шешім қабылданады. Біздің сайтта адамдар ойын алаңын салу үшін осы жобаға дауыс беретін бөлім пайда болады", - дейді Алатау ауданы әкімі аппаратының коммуналдық шаруашылық бөлімінің меңгерушісі Ертіс Бесіров.