Жаңа оқу жылында жүзеге асатын бастамалар Талдықорғанда өткен облыстық тамыз кеңесінде айтылды.
ERNUR.KZ. Алматы облысындағы мұғалімдер шетелде білімін жетілдіретін болады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Сонымен қатар өзге ауылға барып оқитын 70-ке жуық елді мекеннің оқушыларын тасымалдау үшін арнайы көлік беріле бастайды. Жаңа оқу жылында жүзеге асатын бастамалар Талдықорғанда өткен облыстық тамыз кеңесінде айтылды. Алқалы басқосуда баса назар аударылуы тиіс шаралар талқыланды. Мысалы, өңірде жасөспірімдердің қылмысы және суицид мәселесі өзекті болып отыр.Осындай көкейкесті проблемалармен қатар сала мамандарының жеткен жетістіктері де жетерлік. Өңір цифрлы технологияны енгізу бойынша республикада бірінші орында тұр. Бүлдіршіндерді балабақшамен қамту ісінде де 98 процентпен көш басында. Биыл 100 пайызға жеткізіп, бағдарламаны толықтай орындамақ. Салаға бөлінетін қаржы көлемі де қомақты. Биыл 200 млрд теңгеден аса қаражат қарастырылған. ҰБТ тапсырған түлектердің тең жартысынан астамы мемлекеттік грант иегері атанып отыр. 100-ден астам оқушы халықаралық және республикалық пән олимпиадаларында топ жарды. Жиында еңбегімен көзге түскен ұстаздар қауымына құрмет көрсетіліп, төсбелгілер табыс етілді. Сондай-ақ балаларды мектепке онлайн тіркеу жүйесі таныстырылды.
– Осы жылы тек бірінші сыныпқа баратындар ғана қосылған болатын. Компанияда мектептен мектепке, сыныптан-сыныпқа ауыстыру, тегін тамақтану лагерьлерге жолдама сынды қызметтерді де тегін жүзеге асыру жасақталған. Сол себепті осы қызметтер іске қосылса, толыққанды Алматы облысына қызмет көрсетеміз деген ойдамыз, - дейді жоба жетекшісі Меруерт Сұлтанбекова.
– 29 үш ауысымды мектеп бар. Оған қосымша оншақты мектеп қосылуы мүмкін. Одан да көп болуы мүмкін. Сондықтан облыс әкімінің өкімімен қадамдық жоспар жасалған. Соған сәйкес екі мектеп салынып жатыр. Оған қоса 18 жоба әзірленуде. Кезең кезеңмен 2021-2022 оқу жылына дейін бұл мәселені жоямыз, - дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Исағұлова.