Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Алматы облысындағы "Алтын Орда" базарына қатысты тексеру бойынша есеп берді.
иллюстрациялық фото
ERNUR.KZ. Бұл тексеру Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы базардың қызметін ретке келтіру жөніндегі тапсырмасына сай жүргізілді, деп жазады exk.kz.
Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпаратынша, тексеру базарды жалға алған "Altyn Orda QazTrade Ltd" және базар иесі "KURYLYS LTD" — "Курылыс ЛТД" компанияларына қатысты жүргізілді.
Осы тексерулерге дейін "Алтын Ордада" салық төлейтін 331 кәсіпкер ғана есепте тұрған. Ал тексерулерден кейін базардың аумағында жаңа 2993 кәсіпкер тіркелді. Осылайша қазіргі кезде базарда жалпы саны 3324 адам кәсібін дөңгелетіп, салығын төлеп отыр.
Қолданылған шаралардың нәтижесінде бюджетке 1,5 миллиард теңге салық төленді. Оның 1,4 миллиард теңгесін "Altyn Orda QazTrade Ltd" ЖШС, ал 92,3 миллион теңгесін "KURYLYS LTD" — "Курылыс ЛТД" ЖШС төледі.
Бұдан бөлек, бұл компаниялар камералдық бақылауға сәйкес жалпы сомасы 1,3 миллиард теңге төлеуі қажет. Оның 1,1 миллиард теңгесі қосымша салыққа қатысты. Қазіргі кезде оның 650 миллион теңгесі бюджетке қайтарылды.
Камералдық бақылау дегеніміз — мемлекеттік кірістер органдары салықтық тексерулерді жүргізбестен бірден хабарлама беруі.
Сонымен қатар қазіргі кезде "Altyn Orda QazTrade Ltd" ЖШС және базар иесі "KURYLYS LTD" — "Курылыс ЛТД" ЖШС-на қатысты салықтық тексерулер әлі жүргізіліп жатыр.