Америкадан Қазақстанға адам папиллома вирусына қарсы вакцинаның 173 мың дозасы келеді

0
234

Бүгінде 9 өңірде 1600-ден астам қыз бала егілген.


Америкадан Қазақстанға адам папиллома вирусына қарсы вакцинаның 173 мың дозасы келеді

ERNUR.KZ. Қазақстанға қараша айында адам папиллома вирусына қарсы тағы да 173 мың доза қарсы вакцина келеді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Кәмелетке толмаған балаларға вакцина тек ата-анасының келісімімен салынады.

«Вакцина барлық өңірге жетті. 9 өңірде, оның ішінде Қарағанды, ШҚО, БҚО, Павлодар, Жетісу, Түркістан, Ақмола, Ұлытау облыстары мен Астана қаласында адам папиллома вирусына қарсы вакцинациялау жұмысы басталып жатыр. Осы аталған өңірлерде 1600-ден астам қыз бала егілді. Бүгінгі күнде нормативтік базаға өзгерістер енгізілді. Ұлттық егу күнтізбесінде 11 жастағы қыз балаларды вирысына қарсы егу реттелген», - деді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің вакцинамен басқарылатын инфекцияларды бақылау басқармасының басшысы Нұршай Әзімбаева.

Оның айтуынша, вакцинаның бірінші партиясы өңірлерге жеткен, ал екінші партиясы, яғни, 173 мың доза шамасындағы дәрі қараша айында келіп түседі.

«Келесі аптада 6 өңірде адам папилломасы вирусына қарсы вакцинация басталады: СҚО, Абай, Ақтөбе, Атырау, Қостанай облыстары мен Алматы қаласында жүргізіледі. Қалған 5 өңірде қыркүйектің соңына дейін басталады», - деді Нұршай Әзімбаева.

Адам папилломасы вирусына қарсы Гардасил вакцинасы Америкадан келеді. Әлем бойынша 150 мемлекетте тіркелген, жүзден астам мемлекет осы вакцинаны қолданады.

Еске салсақ, 17 қыркүйекте бас санитар дәрігері Сархат Бейсенованың қаулысымен 11 жасқа толған қыздарға адам папилломасы вирусына қарсы вакцина басталған болатын.