Енді су және электр жабдығы бар жерге ғана баспана салуға рұқсат етіледі.
фото:CC0
ERNUR.KZ. Қазақстанда жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін жер учаскелерін беру ережесі өзгерді, деп жазады sputnik.kz.
Енді су және электр жабдығы бар жерге ғана баспана салуға рұқсат етіледі.
Ал орталық сумен жабдығы жоқ елді мекендерде мұндай жер учаскелері электрмен жабдықтау желілері тартылған кезде ғана беріледі.
"Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін сұраған азаматтардың өтініштері (қолдаухаттары) арнайы есепке алынады және арнай алаңдарды дайындау шамасына қарай не жеке тұрғын үй құрылысы үшін пайдаланылатын бос аумақтар болған кезде қанағаттандырылады", - делінген жаңа ережеде.
Сондай-ақ ережеде "Қазақстан Республикасының азаматтарына жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелері олардың өтініштері арнайы есепке қойылғаннан кейін беріледі" делінген.
"Жеке тұрғын үй құрылысы үшін уақытша пайдалануға, яғни жалға алған жер учаскесін жеке меншікке алу үшін азаматтар сол аумақтағы жергілікті атқарушы органдарға өтініш береді", - делінген ереженің жаңа нұсқасында.
Бұйрық алғашқы ресми жарияланған күннен бастап он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. Бұйрықтың толық мәтінімен мына жерде танысуға болады.
Өздеріңіз білетіндей, Жер кодексінің 50-бабына сәйкес Қазақстанның әрбір азаматы 18 жастан бастап жеке тұрғын үй салу үшін 10 сотық жер (0,10 гектар) алуға құқылы. Бұл адамның жеке үйі немесе пәтері болғанына қарамайды. Яғни әрбір қазақстандық өмірінде бір рет жер учаскесін алуға құқылы. Сондай-ақ республика тұрғындары жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін 25 сотық және бау-бақша өсіру үшін 12 сотық жер алуға құқылы.