Жол-көлік оқиғасында қаза тапқандардың 32%-ы және зардап шеккендердің 30%-ы - жаяу жүргіншілер.
ERNUR.KZ. Бүгін республика аумағында «Назар аударыңыз – жаяу жүргінші!» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды. Оның негізгі мақсаты – көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілердің ереже бұзушылықтарының алдын алу, деп жазады Baq.kz.
Статистика бойынша, Қазақстанда әрбір екінші жол-көлік оқиғасы жаяу жүргіншіні қағып кетумен байланысты екен.
«Жол-көлік оқиғасында қаза тапқандардың 32%-ы және зардап шеккендердің 30%-ы - жаяу жүргіншілер. Жалпы жаяу жүргіншілердің қатысуымен жыл басынан бері 4,5 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 466 адам қаза тапқан. Осындай жол-көлік оқиғаларының 88%-ы көлік жүргізушілерінің кінәсінен болады. Жолдың жаяу жүргіншілер бөлігінен өту кезінде 74 адам қаза тауып, 1 145 адам зардап шеккен. Әрбір сегізінші жол-көлік оқиғасы жаяу жүргіншілердің кінәсінен болады», - деп хабарлады ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, профилактикалық шара барысында жол және коммуналдық қызмет өкілдері бірлесіп, жаяу жүргіншілер өткелдері орналасқан жерлерде рейдтік шаралар өткізеді.
Сонымен қатар, жергілікті полиция қызметкерлері «Жүргізуші де – жаяу жүргінші», «Жаяу жүргінші – өтпеге!», «Сыпайы жүргізуші», «Қарт жаяу жүргіншіге құрметпен» және т.б. бірқатар насихаттау іс-шараларын өткізеді. Жедел-профилактикалық іс-шара 2 қарашаға дейін жалғасады.