"Аш қалдырып, мектепте оқытпаған": Жамбыл облысында өгей баласына қорлық көрсеткен әкені түрмеден босатып жіберген

0
184

Жамбыл облысында ер адам ұлдарының өгей әкесінен қорлық көргенін айтып шағымданды.


Фото: Видеодан скрин/astarlyakikat.kz

ERNUR.KZ. Зорлық-зомбылыққа төзбеген бала үйінен қашып кеткен. Сот балаға қорлық көрсеткені үшін ер адамды соттаған. Алайда ол көп ұзамай бостандыққа шыққан, деп жазады stan.kz.

Балаларының өгей әкесінен қорлық көргенін айтып, жанайқайын жеткізген ер адам кінәлілердің жазаланғанын қалайды. Оның айтуынша, ол бірінші әйелі Гүлмира Маденовамен ажырасып кеткенде екі баласы анасымен қалғанын. Ала баласының үйінде қорлық көріп, безіп кеткені туралы тек екі күннен кейін естіген.

“Былтыр 9 тамыз күні екінші балам үйден кетіп қалған. Баламның жоғалып кеткенін 11 күні анасынан емес, бөтен адамнан естідім. Мен аудандық ішкі істер бөліміне барып, іздеу жарияладым. Содан сай-саланың бәрін іздедік. Іздеу жұмыстарына полиция қызметкерлері, мұғалымдер мен жергілікті тұрғындар қатысты. Араға бір апта салып Аслан балам сайдан табылды. Оны сол сайда мал бағып жүрген адам тауып алып, маған хабар берді. Іздеу жұмыстары кезінде мал бағып жүрген кісіге жағдайды түсіндіріп, баламды көрсе маған хабарласуын сұраған едім. Балам бір апта бойы ауыл адамдарынан қалған қалдықтарды жеп күн көрген. Балам табылғанын білгенде учаскелік полицияға хабар бердім. Барсақ малшы жігіт ұлымның жанында екен”, – дейді Асланның туған әкесі.

Полиция қызметкерлері баладан үйден не себепті қашып кетттің деп сұрағанда ол өгей әкесі Жанталиевтің өзін ұрып-соққанын айтты.

“Ерте тұрғызып, малдың астын тазалатқан. Ұлымның айтуынша, екі балам мал қорада жатқан. Үйге кіргізбеген. Ас үйді құлыптап қойған. Балалар тамақ ішу үшін ас үйдің әйнегін сындырып кірген. Оны көріп қойып балаларды ұрып-соғып, аяқ-қолын, аузын скотчпен орап, жерқоймаға қамап тастаған. Екі тәулік әжетханаға жібермеген, су да, аш қалдырған”, – дейді ер адам.

Сорақысы, балалардың анасы Гүлмира Маденова бәрін көріп тұрып, балаларға араша түспеген. Балалар өгей әкесінен қалай көргенін полиция қызметкеріне көрсеткен. Жуалы ауданы соты бұл жағдайды жан-жақты зерттеп, балалардың өгей әкесінен зәбір көргені дәлелденді. Осылайша, сот Жанталиевті 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Жанталиев қамалғаннан кейін менің бұрынғы әйелім Гүлмира Маденова облыстық сотқа сот үкіміне шағым түсіріп, аппеляцияға берді. Сөйтіп Облыстық соттың сот алқасының төрағасы Нұрмұхамат Абидов баланың қорланғанын ескермей, қылмыстық кодекстің 110-бабымен (Жәбірленушіні азаптау мақсатында аса қатыгездікпен, қорлаумен жасалған зорлық-зомбылық әрекеттері арқылы тән зардабына немесе психикалық зардап шегуге ұшырату) сотталған Жанталиевті 109-бапқа (Тән ауруына ұшыратқан, бірақ денсаулыққа жеңіл зиян келтіруге алып келмеген ұрып-соғу немесе өзге де зорлық-зомбылық әрекеттерін жасау) ауыстырып, босатып жіберді. Жанталиев ақталған жоқ”, – деп ашынды балалардың туған әкесі.

Сондай-ақ ол балалардың анасы Гүлмира Маденованың Жуалы аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары қызметіне екенін айтты. Әкесінің айтуынша, Гүлмира Маденова баласын 9-сыныпқа жібермеген.

“Үй шаруасын жасатып, бала қаратқан. Мыңбұлақ мектебінің директорына “балам сабаққа бармайды, өзім жауап беремін” деп айтып қойған. Оның үстінен қарап жатқан ешкім жоқ. Үстінен қанша арыз жазылды, білім бөлімінде әлі жұмыс істеп жүр. Балалар әлденені дұрыс істемесе Жанталиевке “мынау тіл алмайды” деп күйеуіне ұрғызған”, – дейді ер адам.

Осы тұста, Stan.kz тілшісі Жамбыл облыстық білім басқармасымен байланысқа шықты. Ведомство Гүлмира Маденованың білім бөлімінің сектор меңгерушісіжұмыс істейтінін растады.

Баланың туған әкесінің сөзінше, Жанталиев құрылыс жасап жатып балалар лайды дұрыс илемегендіктен сол лайға басын тығып, қинап, ұрып-соққан, аш қалдырған. Балаларға араша түспегені үшін анасына қаулы шығып, ол ішкі істер бөліміне жолданыпты. Бірақ олар оны қарап жатқан жоқ деп ашынды.

Ол ұлдарына қорлық көрсеткен адамның лайықты жазасын алуын талап етіп отыр.