Lonely Planet авторлары елорданың заманауи сәулеті мен көзге бірден түсетін қалалық келбетіне назар аударған.
Фото: blog.ufs-online.ru
ERNUR.KZ. Астана халықаралық Lonely Planet басылымының Best in Travel 2027 жыл сайынғы үздік туристік бағыттар мен туристік әсерлер тізіміне енді, деп жазады inbusiness.kz.
Басылым 2027 жылы саяхаттауға ұсынылған әлемнің түкпір-түкпіріндегі 50 бағыт пен туристік әсерді таңдаған. Оның ішінде 25 туристік бағыт және 25 ерекше туристік әсер бар. Астана дербес туристік бағыт ретінде "Best for futuristic skylines" санатында, яғни футуристік сәулетімен ерекшеленетін қала ретінде ұсынылды.
Lonely Planet авторлары елорданың заманауи сәулеті мен ерекше қалалық келбетіне назар аударған. Басылым Астананың көрнекті нысандары қатарында "Бәйтерек" монументін, "Хан Шатыр" сауда және ойын-сауық орталығын, Бейбітшілік және келісім сарайын, "Қазақстан" Орталық концерт залын және басқа да заманауи сәулет нысандарын атаған.
Астана бірнеше онжылдық ішінде заманауи сәулет шешімдерін ұлттық нақышпен үйлестіріп, өзіндік келбетін қалыптастырды.
Айта кетейік, Қазақстан бұған дейін де Lonely Planet басылымының жоғары бағасына ие болған. Best in Travel 2025 топтамасында Қазақстан саяхаттауға ұсынылған бағыттардың қатарында болған.


