Сот 28 сәуірде іске үкім шығарады.
ERNUR.KZ. Нұр-Сұлтандағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта Astana LRT құрылысына қатысы бар айыпталушылар соңғы сөзін айтты, деп жазады inbusiness.kz.
Сот алдында 7 адам жауап беріп жатыр: жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бұрынғы басшысы Рәшид Аманжолов, «Astana Innovations» АҚ экс-басқарма төрағасы Талғат Әшім, Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының бұрынғы хатшысы және депутаты Жанат Нұрпейісов, әртүрлі кәсіпорындардың қызметкерлері Улугбек Ачилов, Тимур Қасабаев, Дулат Мусенов және Дәурен Әбдіхамитов. Сонымен қатар елорда әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен «Astana LRT» ЖШС бұрынғы басшысы Талғат Ардан халықаралық іздеуде жүр.
Тергеу материалдарына сәйкес, Қанат Сұлтанбеков пен Талғат Ардан қылмыстық топ құрып, LRT құрылысына кететін шығындарды 24 миллиард теңгеге артық көрсеткен. Осы қылмысқа әкімдіктің басқарма басшылары, сондай-ақ, шетелдік және отандық компаниялардың өкілдері қатысқан.
Қазіргі таңда қылмыстық топ мүшелері 5,8 миллиард теңгені жымқырғаны үшін айыпталып отыр. Істі судья Қажымұкан Мекемтас жүргізіп жатыр. Сот отырысында Рәшид Аманжолов өзінің кінәсіз екенін дәлелдеуге тырысқанын айтты.
«Мен бұл қылмысты жасаған жоқпын. Тағылған айыппен келіспеймін. Мен біреулердің әрекетіне не үшін жауап беруім керек? Жұмыстағы менің барлық әрекетім жоғары тұрған мемлекеттік органдармен келісілді. Бұл құжаттар сотқа берілді, оны сіз (судья Мекемтес Т.С – автор) көрген шығарсыз. Мен жұмысымды адал орындадым...», - деді экс-басшы.
Ол заңға қайшы әрекет жасамаған.
«Тергеу барысында менің ештеңе (ақша болуы мүмкін – автор) алмағаным анықталды. Пайда тапқан жоқпын. Ешкіммен кездескен жоқпын. Сонда менің қандай айыбым бар?... Қанат Сұлтанбеков пен Талғат Арданмен бірге қылмыстық топтың құрамына кіріп, заңға қайшы әрекет жасаған жоқпын. Барлығы ҚР Бюджет кодексі бойынша жүргізілді... Мен ешқайда қашқан жоқпын. Сізден (судья-ға) әділ шешім шығаруыңызды сұраймын», - деді экс-басшы.
Сонымен қатар «Astana Innovations» АҚ экс-басқарма төрағасы Талғат Әшім адвокатының коронавирустан қайтыс болғанын айтып, тергеу ісі болжамға ғана негізделгенін жеткізді.
«Сот бір жағынан қиын, бір жағынан жеңіл істі қарауды аяқтап жатыр. Бұл іс «Винегрет» салаты сияқты. Бұл істің құрамында көптеген элемент бар... Іс тек болжамға ғана негізделген... Құдай барлығын көріп тұр. Сот отырысында өтірік айтқан жоқпын...», - деді бұрынғы төраға.
Талғат Әшім арам ниетпен ешкімге астыртын көмектеспегенін, бюджет қаражатын ұрламағанын жеткізді.
«Бұл тергеу барысында дәлелденген жоқ. Маған әлі күнге дейін тағылған айып, ұрланған ақшаның сомасы түсініксіз. Тергеу барысында мен қабылдаған шешімнің салдары болмағаны анықталды... Мен «Astana LRT» компаниясы тарапынан алаяқтық әрекеттер болғанын мойындаймын. Айыптаушы тарапты осы жағынан қолдаймын. Сіз (судья – автор) әділ шешім шығарасыз деген үміттемін. Мен кез келген жазаны өтеуге дайынмын. Бірақ ол объективті, әділ болуы керек», - деп түйіндеді сөзін экс-басшы.
Қалған айыпталушылар да кінәсіз екенін айтып, судьядан әділ шешім шығаруды сұрады. Сот отырысында бұл іске қатысты соңғы шешім 28 сәуірде сағат 15.00-де шығарылатыны айтылды.
Айта кетейік, 2020 жылдың 29 қазанында елорданың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында LRT құрылысына қатысты сот отырысы басталды.