Астана сахнасында 1000 музыкант бір уақытта өнер көрсетті

0
595

Концерттік бағдарламаға еліміздің өңірлерінен келген 24 шығармашылық ұжым өкілдері қатысты.


Астана сахнасында 1000 музыкант бір уақытта өнер көрсетті

"Астана Опера" театрында Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған ауқымды мерекелік кеш өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы ҚР МСМ баспасөз қызметі мәлімдеді.

Тұңғыш рет өткізіліп отырған айтулы іс-шара аясында сахнада бір уақытта еліміздің әр өңірінен келген 1000-нан астам музыкант өнер көрсетті.

Мерекелік шара басталар алдында мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқыды.
Концерттік бағдарламаға еліміздің өңірлерінен келген 24 шығармашылық ұжым өкілдері қатысты. Хор ұжымдары, оркестрлер, виртуоз аспапшылар, опера және халық әншілері атақты скрипкашы, дирижер және композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Марат Бисенғалиевтің "Ұлы дала әуені" атты одасын бірге орындады.
Отандық мәдениет және өнер қызметкерлеріне арналған ауқымды туынды ұлттық және классикалық музыканы үйлестірген. Тыңдаушылар әсерге толы таныс әуендерді жаңа нұсқада тамашалай алды.
Концерттік бағдарлама аяқталғаннан кейін министр сахнада өнер көрсеткен артистер мен шығармашылық ұжымдардың жетекшілеріне алғыс хат табыстады.
"Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған іс-шаралар апталығын лайықты түрде аяқтадық деп ойлаймын. Біздің бастамамызды қолдағандарға және шығармашылық ұжымдарға рақмет айтқым келеді. Осы жобаға қолдау білдіріп, қатысқаны үшін Марат Бейсенғалиевке ерекше алғыс. Министрлігіміз мәдениет пен өнер саласын дамыту және қолдау бағытындағы жұмысты жалғастырады. Алдағы уақыта белгіленген нақты тапсырмаларды сіздермен бірге орындай алатынымызға күмәнім жоқ",- деді Асхат Оралов.
Айта кетейік, елімізде бір апта бойы концерттер, көрмелер, дөңгелек үстелдер және басқа да барлығы 100-ден астам іс-шара өтті. Сондай-ақ, 300 мәдениет қызметкері "Мәдениет саласының үздігі" төсбелгісімен, 2000-ы Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттармен марапатталды.