«Астана» университетіне жүргізілген тексеріс нәтижесінде бірқатар құқық бұзушылық анықталды

0
1 240

Оқу орнына айыппұл салу және білім беру қызметіне лицензияның қолданылуын тоқтату туралы қаулы шығарылды.


«Астана» университетіне жүргізілген тексеріс нәтижесінде бірқатар құқық бұзушылық анықталды

Құқық бұзушылыққа «мүлдем төзбеушілік» қағидатын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі еліміздің жоғары оқу орындарын тексеру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

«Астана» университетінде жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізіліп, бірқатар бұзушылық анықталды. Жоспардан тыс тексеру нәтижесінде аталған білім беру ұйымында қолданыстағы талаптарға сәйкес келмеген мәселелер анықталды: университетке қабылдау ережелері, студенттерді ауыстыру және қайта қабылдау тәртібі, емтихан өткізу және емтихан сессиясының қорытындысы бойынша құжаттар жүргізу тәртібі бұзылған, сонымен қатар аралық бақылау жүргізу кезінде Академиялық саясат сақталмаған.

Тексеру барысында әкімшілік іс қозғалып, ағымдағы жылдың 14 тамызында қаралды. Нәтижесінде, айыппұл салу және білім беру қызметіне лицензияның қолданылуын тоқтату туралы қаулы шығарылды. Бүгінгі таңда қаулы заңды күшіне енген жоқ.
Сонымен қатар, университетке 2019 жылдың 1 қыркүйегіне дейін анықталған барлық бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. Нұсқама орындалмаған жағдайда іс сотқа жіберіледі.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Білім және ғылым министрлігі Шымкент қаласының аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетінде жоспардан тыс тексеру жүргізген болатын. Нәтижесінде, жоғары оқу орындарының қызметіне қойылатын 78 талаптың ішінен бұл университет 63 талапқа сәйкес келмегені белгілі болды. Сабаққа іс жүзінде қатыспаған студенттер сынақ-емтихан сессиясына жіберілген. Оның үстіне, университетке арнайы ақы төлеген тұлғалар сессияға жіберілген. Сондай-ақ, ҚР БҒМ-ға университет түлектерінің жұмысқа орналасу деңгейі туралы жалған мәліметтер берілген. Мысалы, тексеру барысында 2018 жылы жұмысқа орналасу деңгейі нақты 34,4%-ды құраса, ал университеттің ресми есептерінде 71,3% көрсетілген.

Бүгінгі күні Білім және ғылым министрлігінің жұмысы мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру, ғылым салаларында парасаттылықты қалыптастыруға бағытталған. Жалпы, біз ортақ мақсатқа қол жеткізу үшін өзара нәтижелі жұмыс істеуге дайынбыз және ашықпыз.