12-қабаттағы қауіпті жағдай: полицей қыздың өмірін сақтап қалды.
ERNUR.KZ. Астанада Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкері биіктіктен секірмек болған бойжеткеннің өмірін аман алып қалды, деп жазады baq.kz.
Оқиға күндізгі уақытта елордалық көпқабатты үйлердің бірінде болды. Полиция аға лейтенанты Еламан Тішпаев түскі үзілісте үйіне келіп, жаттығуға дайындалып жатқан кезде үй маңында адамдардың көп жиналып қалғанын байқайды.
Сол сәтте куәгерлер ғимараттың жоғарғы қабаттарын көрсетіп, балконда қыздың отырғанын айтады.
Полицей бірден подъезге кіріп, 12-қабатқа көтерілді. Ол балконның шетінде отырған қызды байқады. Қыздың эмоционалдық жағдайы өте ауыр еді. Жағдайды бағалаған ЖҚАЖ қызметкері қызға абайлап арт жағынан жақындады. Сәтін тауып, оны ұстап алып, балконның шетінен қауіпсіз жерге тартып шығарды. Осылайша, оның биіктіктен құлап кетуінің алдын алды. Одан кейін полицей жедел қызметтер келгенге дейін қыздың жанында болып, оны медицина қызметкерлеріне тапсырды. Полиция қызметкерінің дер кезінде әрі батыл әрекет етуінің арқасында қайғылы жағдайдың алдын алуға мүмкіндік туды, - деп хабарлады Астана қаласының ПД баспасөз қызметі.
Айта кетейік, бұған дейін Астанада добын аламын деп темір торға қысылып қалған бала құтқарылды.


