Астанада Есіл өзені арқылы жаңа көпір салынады

0
118

​Қаланың Бас жоспарына сәйкес, Хусейн бен Талал көшесі Әл-Фараби даңғылынан Шәмші Қалдаяқов көшесіне дейін ұзартылады. Жол Есіл өзенін кесіп өтетін жерде жаңа көпір салынады.


Астанада Есіл өзені арқылы жаңа көпір салынады

ERNUR.KZ. Астанада Есіл өзені арқылы жаңа автомобиль көпірін салу жоспарланып отыр. Ол «Арыс» көпіріне, Мәңгілік Ел даңғылына және бірнеше басқа көшеге түсетін жүктемені азайтуы тиіс, деп жазады baq.kz.

Жаңа көпір қайда салынады?

Қаланың Бас жоспарына сәйкес, Хусейн бен Талал көшесі Әл-Фараби даңғылынан Шәмші Қалдаяқов көшесіне дейін ұзартылады. Жол Есіл өзенін кесіп өтетін жерде жаңа көпір салынады.

Жаңа магистраль Есілдің сол және оң жағалауын байланыстырып, көлік ағынын қайта бөлуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде:

  • Сығанақ көшесі мен Ұлы Дала даңғылындағы көлік қозғалысы жеңілдейді;
  • «Нұрлы жол» вокзалы мен Алматы ауданына баратын жүргізушілер жаңа бағытты пайдалана алады;
  • Мәңгілік Ел даңғылына түсетін жүктеме азаяды;
  • Сығанақ көшесіндегі «Арыс» көпірі мен Тәуелсіздік даңғылындағы көпірдегі көлік ағыны төмендейді.

Әкімдік мәліметінше, бұл өзгерістер қарбалас уақытта көпірлердің кіреберістері мен шығаберістеріндегі кептелісті азайтуға мүмкіндік береді.

Көпір қандай болады?

Хусейн бен Талал көшесінің жалғасы қалалық маңызы бар сегіз жолақты магистраль ретінде жоспарланған.

Қазір инвестор Есіл арқылы өтетін көпірдің жобасын әзірлеп жатыр. Оның нақты құны жобалау жұмыстары аяқталып, мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін анықталады.

Құрылыс қашан басталады?

Жобаны бюджет қаражаты есебінен жүзеге асыру жоспарлануы мүмкін. Бұл жағдайда мердігер мемлекеттік сатып алу арқылы таңдалады.

Құрылыс мерзімі әзірге белгісіз. Әкімдік оның аяқталуы қаржыландыруға байланысты болатынын хабарлады.

Айта кетейік, 23 тамызда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қала инфрақұрылымын дамыту аясында Астанада жаңа көпір салынатынын мәлімдеген болатын. Мемлекет басшысы Қазақстанның үлкен құрылыс алаңына айналып келе жатқанын атап өтті.