Астанада қазақ-француз мектебінің құрылысы басталды

0
180

Қазақ-француз мектебі жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франция Республикасының Президенті Эммануэль Макрон арасында жасалған келісімдер аясында іске асырылуда.


Астанада қазақ-француз мектебінің құрылысы басталды

ERNUR.KZ. Астана қаласында Қазақстан мен Франция арасындағы білім беруде жаңа бірлескен жоба қазақ-француз мектебінің құрылысы салтанатты түрде басталды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Қазақ-француз мектебі жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франция Республикасының Президенті Эммануэль Макрон арасында жасалған келісімдер аясында іске асырылуда. Интернаттық үлгіде жұмыс істейтін мектеп француз және қазақстандық білім беру стандарттарына толық сәйкес болмақ.

Салтанатты шараға екі елдің ресми өкілдері – Франция Республикасының сыртқы сауда және шетелдегі француз азаматтары жөніндегі министр-делегаті Лоран Сен-Мартен, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қатысты. Іс-шарада болашақ лицейдің жобасы таныстырылып, мектеп кіреберісіне естелік тасбелгі қойылды.

«Астанадағы қазақ-француз мектебі, сондай-ақ жақын арада ашылатын Алматыдағы мектеп – жас қазақстандықтарға француз, қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде білім алуға мүмкіндік береді. Мектеп түлектері француз аттестатымен тікелей Франция мен Еуропаның үздік жоғары оқу орындарына түсе алады» дейді Францияның сыртқы сауда және шетелдегі француздар жөніндегі уәкілетті министрі Лоран Сен-Мартен.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың сөзінше, бұл мектепке тек Астана қаласының оқушылары ғана емес, өзге өңірлерден де шәкірттер қабылданады.

«Астана және Алматы қаласындағы қазақ-француз мектебінің ашылуы ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының 2022 жылы Парижге барған сапарында бастау алғаны белгілі. Осы жобаны іске асыру мақсатында тиісті жұмыс басталып кеткенін көріп отырсыздар. Елордадағы қазақ-француз мектебінің алғашқы кірпішін қалау рәсімі – білім саласындағы тарихи сәт. Ол жай ғана мектеп құрылысы ғана емес, Қазақстан мен Франция арасындағы ынтымақтастықтың тереңдей түскенін білдіреді», - деп Астанаға арнайы келген Франция елінің делегациясына алғыс білдірді.

Орталық Азияның халықаралық деңгейдегі жетекші білім ордаларының бірі болатын мектеп 2026 жылы 1 қыркүйекте ашылмақ.